Қазақстан Қырғызстанға өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетеді

18 Ақпан, 2016 11:34
Сенаттың кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы ратификацияланды.

«Келісімге екі елдің Қорғаныс министрлері 2015 жылдың 24 маусымында Астанада қол қойған. Құжатқа сәйкес Қырғыз тарапына атыс қаруларын, патрондарды, түтіндеткіш гранаталар мен құтыларды, С-75 зымыран кешеніне қосалқы бөлшектер мен жиынтықтаушы бұйымдарды беру көзделеді. Қару-жарақтар өтеусіз негізде беріледі», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.

Қазіргі таңда Таяу Шығыс пен Ауғанстан аумағында Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін үдерістер даму үстінде.

«Осыған байланысты Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмектер көрсету туындап отырған қауіптердің бетін қайтаруға мүмкіндіктерді арттырады. Тұтастай алғанда, осы арқылы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігін нығайтуға көмек беретін боламыз», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар