ОСК сайлауға дайындықтағы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы туралы ақпарат берді (ФОТО)

17 Ақпан, 2016 13:01
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қ. Тұрғанқұловтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының Басшысы Борис Фрлец мырзамен кездесуі болды.

Кездесуге, сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясы Басшысының орынбасары Полин Мария Лемос, ҚР ОСК мүшелері, сонымен қатар ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлау және құқық мәселелері жөніндегі мамандары қатысты.

Ортсайлауком Басшысы Фрлец мырзаны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауға дайындық жөніндегі жұмыспен таныстырды, сондай-ақ ҚР ОСК-ның және сайлау органдарының жалпы ағымдағы жұмысы туралы айтты.

«Қазіргі уақытта Ортсайлауком барлық қажетті кадрлық, материалдық және қаржылық ресурстармен қамтылған және сайлауды өткізуге дайын. Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары толықтырылған және жұмысқа дайын. Сонымен қатар біз сайлауды ұйымдастырушылар мен сайлау процесіне қатысушыларды оқыту жөніндегі, сондай-ақ сайлаушылар тізімдерін жандандыру және түзету жөніндегі жұмысты жалғастырудамыз. Ортсайлауком төмен тұрған сайлау комиссияларын тиісті құралдармен, брошюралармен, сондай-ақ баспа, дыбыс- және бейнематериалдармен қамтамасыз ете отырып, оларға қажетті ұйымдастырушылық, әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсетуде» - деп атап өтті Қ. Тұрғанқұлов.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының Басшысы өз кезегінде кездесуді ұйымдастырғаны үшін, сондай-ақ  ҚР ОСК тарапынан көрсетілген көмек пен ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді және Миссия сарапшылары жұмысының ұйымдастырылуы туралы айтып берді.

Кездесу барысында сондай-ақ партиялық тізімдерді ұсынуға және тіркеуге, үгіт науқанын өткізу шарттарына, сондай-ақ дауыс беру күнінің сайлау рәсімдері мен сайлау қорытындыларын шығаруға байланысты мәселелер талқыланды.

Соңында Ортсайлауком Басшысы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының сарапшыларына сайлауды байқауда табыс тіледі.

«Біз ынтымақтастыққа дайынбыз және байқау миссияларының қатысуын алдағы сайлауда жариялық, транспаренттік, ашықтық ахуалын қамтамасыз етуге, сайлау процесінің барлық қатысушылары тарапынан сайлауға сенімін арттыруға ықпал етеді деп қарастырамыз» - деді ол.  

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар