Т. Балықбаев: Болашақ» түлектерінің арасында 4 вице-министр, 5 әкім бар

15 Ақпан, 2016 12:46
Болашақ» түлектерінің арасында 4 вице-министр, 5 әкім бар. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев айтты.

«Өткен жылы шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен «Болашақ» стипендиясы 601 үміткерге тағайындалды. Оның ішінде 439 - магистратура, 40 – докторантура, 122-сі тағылымдама бағдарламасы бойынша. Бұған қоса докторантураға стипендиялар саны 2 есеге арттты. Сонымен қатар кәсіптік тағылымдамалар саны да осынша қысқартылды. Мұндай қарқын ең алдымен докторанттарды оқытудың Split PhD жаңа моделін енгізе отырып, бағдарламаның зерттеушілік және ғылыми әлеуетін өсіру шешіміне байланысты негізделген болатын», – дейді ол.

Вице-министрдің айтуынша «Болашақ» түлектерінің арасында 4 вице-министр, 5 қала әкімі бар екен.

«Бүгінгі күні бағдарламаның 503 түлегі мемлекеттік құрылымдарда, ұлттық және жеке компанияларда, білім және денсаулық сақтау ұйымдарында маңызды стратегиялық шешімдер қабылдау деңгейіндегі жоғары басқарушылық буында қызмет етуде. Олардың қатарында 4 вице-министр (Айдар Әріпханов, Мәдина Әбілқасымова, Тимур Жақсылықов ұлттық экономика вице-министрлері, Ержан Ашықбаев сыртқы істер министрінің орынбасары), 5 әкім (Ғабидулла Әбдрахимов – Шымкент қаласының әкімі, Бауыржан Байбек – Алматы қаласының әкімі, Алтай Құлинов – Орал қаласының әкімі, Әнуар Құмпекеев – Степногорск қаласының әкімі, Азамат Тайжанов – Егіндікөл ауданының әкімі) бар. Сондай-ақ Республика облыстары мен қалалары әкімдерінің 3 орынбасары (Ерлан Әукенов – Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Әнуар Ахметжанов – Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Бахтияр Мәкен – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары), мемлекеттік ұйым мен мекеменің 81 басшысы, Ұлттық компаниялар мен банктердің 106 бірінші басшысы мен басқарма мүшесі, қоғамдық бірлестіктің 15 басшысы, 246 жеке ұйым басшысы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келгендер. Олардың 20 пайызына жуығы өңірлерде қызмет етуде», – дейді Т. Балықбаев. 

 

Барлық жаңалықтар