• Басты
  • Жаңалықтар
  • Чехиялықтар Батыс Қазақстан облысының машина жасау саласына инвестиция салуға мүдделі

Чехиялықтар Батыс Қазақстан облысының машина жасау саласына инвестиция салуға мүдделі

15 Ақпан, 2016 10:26
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев еліміздегі Чехия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жигова бастаған аталмыш мемлекеттің делегациясын қабылдады, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Кездесу барысында елші ханым осы күн тарихи сәт екенін мәлімдеді. Себебі бұл Чехия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісінің Ақ Жайық өңіріне жасап отырған алғашқы сапары болып табылады. Сапардың негізгі мақсаты – Батыс Қазақстан облысымен арадағы байланысты дамыту әрі Орал қаласында Чехия Республикасының консульдігін ашу.

“Дүйсенбіде біз Ақсай қаласында болдық. Онда кезінде біздің отандастарымыз салған, ел аузында чех қалашығы аталып кеткен тұрғын үй, өзге де құрылыс нысандарымен, чех және словак тілдерін оқытуға арналған «Distination» оқу орталығының жұмысымен таныстық және қазір Бөрлі ауданында қызмет істеп жүрген отандастарымызбен кездестік. Біз осы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз. Кәсіпкерлеріміз Батыс Қазақстан облысының экономикасына инвестиция салуға мүдделі. Бұл бағытта Чехия Республикасының мүмкіндіктері мен тәжірибесі мол. Біздің кәсіпкерлеріміз  инфрақұрылым, модернизация, ІТ технология, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, машина жасау салаларына қызығушылық танытып отыр”, – деді  Элишка Жигова.

Әкім қабылдауынан шыққаннан кейін жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Чехия және Словакия елдерінің жобаларын Қазақстан мен Орта Азиядағы үйлестірушісі Нұрлан Әділханұлының айтуынша, Чехия мемлекеті республикамыздың нақты бір аймақтарымен жұмыс істеуді қолға алып отыр.

Соның бірі – Батыс Қазақстан облысы. Себебі әлеуеті жоғары өңірге чех кәсіпкерлерінің қызығушылығы жоғары. «Облыс әкімі бізді өте жылы қабылдады, – деді ол. – Нұрлан Асқарұлының Чехия Республикасы мен ондағы кәсіпкерлер, олардың әлеуеті жөнінде хабары мол екеніне риза болдым.

Облыс әкімі чех кәсіпкерлерімен бірлескен жобалардың жүзеге асуына, өзге де ынтымақтастықтың дамуына барлық жағдай жасалатынын айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар көп кешікпей өз  нәтижесін береріне  сенім  мол».

Барлық жаңалықтар