Алматыда Көктөбе телемұнарасы ерекше жарқырайтын болады

15 Ақпан, 2016 20:43
Алматыда архитектуралық жарықтандыру тұжырымдамасы қолға алынды. Түнгі уақытта жарықтандыру технологиясын қолданудағы басты мақсат - түрлі-түсті жарық түсіру арқылы қалада бетке ұстар нысандарды ерекше қырынан көрсету және Алматының туристік тартымдылығын арттыру, деп хабарлады қала әкімдігі.

Тұжырымдама аясында Республика алаңындағы екі зәулім ғимаратқа жарық түсіргіш жүйе орнатылады.  Ал Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратына қазір түнгі уақытта түрлі-түсті жарық түсірілетін болды. 

Көп ұзамай тағы екі әкімшілік ғимарат пен Тәуелсіздік монументіне де осындай жүйе орнатылады.

Одан басқа, «Көктөбе» теле мұнарасына түрлі-түсті жарық түсіру жүйесін орнату бойынша жұмыстардың алғашқы кезеңі аяқталды. 

Мұнараның сегіз деңгейіне 62 прожектор орнатылды. Құрылғыларды орнату барысында заманауи жарықдиодты қуатүнемдегіш технология қолданылды.

Алдағы сәуір айында екінші кезең басталады. Мұнда мұнараның ұшар басын жарықтандыру үшін қосымша 22 металлгалогендік прожектор орнатылады. Үшінші кезеңде телемұнараның айналасы жарықтандырылады. Жұмыстарды аяқтау мерзімі - 2016 жылдың тамыз айы. 

Алматының архитектуралық жарықтандыру Тұжырымдамасы биыл 6-шы ақпанда қала әкімінің қатысуымен өткен Қала құрылысы кеңесінде қабылданған болатын. Соған сәйкес, қалада 203 нысанға көмескі жарық түсіргіш жүйе орнатылатын болады. Олардың арасында Мәңгілік алау, Офицерлер үйі, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Н. Сац атындағы театр, Ә. Қастеев атындағы ұлттық музей, ҚР ғылым академиясы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Орталық стадион, Мұз айдыны, Цирк, «Балалар әлемі» дүкені, «Алматы» қонақ үйі, Заңғар, «City Center» сауда ойын-сауық орталығы және «Сайран» автовокзалы бар.

«Жаңа тұжырымдама бойынша түрл-түсті жарық түсіргіш жүйесінде ақ және сары-қызғылт реңдерге басымдық беріледі. Заманауи қуатүнемдегіш технологияларды қолдану - электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді өз сөзінде Алматы қаласының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Еркебұлан Оразалин. 

Айта кетелік, қалада осындай жарықтандыру жүйесінің арқасында жол-көлік оқиғалары мен көше қылмастарын 25 пайызға азайтуға болады екен. Бұл жобаны жүзеге асыруға бюджеттен тыс 2 млрд. теңге жұмсалады. 

 

Барлық жаңалықтар