Сенат Вьетнам мен ЕАЭО арасындағы еркiн сауда келiсiмiн ратификациялады

11 Ақпан, 2016 11:54
Вьетнам мен ЕАЭО арасындағы еркiн сауда туралы келiсiм экспорттық кедендiк баж салығын жоюды қарастырмайды. Бұл жөнiнде бүгiн ҚР Парламентi Сенатының палата отырысында ҚР Ұлттық экономика министрi мiндетiн атқарушы Марат Құсайынов мәлiмдедi.

Отырыста Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және Вьетнам Социалистiк Республикасы арасындағы еркiн сауда туралы келiсiмдi ратификациялау туралы заң жобасын талқыланды.

«Өткен жылдың мамыр айында ЕАЭО елдерi мен Вьетнам Социалистiк Республикасы арасындағы еркiн сауда айналымы туралы келiсiмге қол қойылды. Келiсiмнiң нормаларына сәйкес, ЕАЭО елдерi мен Вьетнам арасында тауарлардың басым бөлiгiне баж салығынсыз сауда режимi белгiленiп, кейбiр тауарлар бойынша өзара саудадағы импорттық кедендiк баждарды алып тастау бойынша өтпелi кезең белгiлендi», - дедi М.Құсайынов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, сезiмтал тауарлардың бiр бөлiгi еркiн сауда режимiнен алынып, бұл тауарларға қатысты тараптардың импорттық тарифiне сәйкес баж салығы қолданылатын болады.

«Бұдан басқа, келiсiм экспорттық кедендiк баж салығын алып тастауды көздемейдi. Олар басқа үшiншi елдерге экспорттау кезiнде қолданылатын неғұрлым қолайлы режим мөлшерлемелерi бойынша алынады», - деп толықтырды Марат Құсайынов.

Талқылау қорытындысы бойынша Сенат депутаттары аталған заң жобасын қабылдады.

Барлық жаңалықтар