Қазақстандықтар алдағы сайлауға белсенді қатысады

10 Ақпан, 2016 20:26
13 қаңтарда Парламент Мәжілісінің депутаттары V шақырылым депутаттарын тарату мен барлық деңгейлі мәслихаттардың құрамын жаңарту туралы бастаманы Елбасына ұсынды. 20 қаңтарда қол қойылған Президенттің Жарлығына сәйкес, Мәжіліс пен барлық деңгейлі мәслихат сайлауы 20 наурызға бекітілді.Алдағы сайлауға орай, Strategy2050.kz АА мерзімінен бұрын сайлау туралы қазақстандықтардың пікірін білді.

Қарағанды қалалық жедел жәрдем дәрігері Барқыт Жүнісбаева

«Мен өз елімнің патриот азаматы ретінде Елбасының үндеуін оңтайлы қабылдадым, алдағы сайлауға қатысамын. Республиканың орталық сайлау комиссиясы Президенттің тапсырмасын орындай отырып сайлауда әділдік, ашықтық, заңдылықты сақтайды деген үміттемін. Бәрінен бұрын депутаттыққа үміткерлер белсенді, білікті, білімді мамандарды таңдап алатынына сенемін. Елбасының Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын бірлік пен ынтымақпен қарсы алу ниеті орындалуға үлес қосамын», - деді ол.

Қарағанды қаласының тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының маманы Рауза Кауметова

«Мен өз Президентімді қолдаймын. Оның Мәжіліс пен барлық деңгейлі мәслихаттарды тарату шешімі өте орынды. Қазақстандықтар алдында заңнамалық органға алдағы мақсаттарды сәтті жүзеге асыратын адамдарды алу міндеті тұр», - деді Р.Кауметова.

№ 39 «Меруерт» балабақшасының тәрбиешісі Дәметкен Әбзелханова

«Қазіргі кезде парламенттік сайлау өте қажет. Бізге жаңару қажет. Сайлауды өткізудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, экономикалық тұрақсыз жағдайда жаңа идеялар мен тың әдістер қажет. Оларды жүзеге асыратын адамдар қажет», - деді ол.

Ақмола облысы Есіл ауданының Ярослав ауылдық округінің әкімі Дина Ештаева

«Бүгінде барша қоғамның басты назарында Елбасының Үндеуі болып отыр. Ол 20 наурызда өтетін Мәжіліс пен барлық деігейлі мәслихаттың сайлауына белсенді қатысуға байланысты айтылған еді. Сөзсіз, бұл шешім Елбасының халықтық мүддені ескеріп жасалған шешімі екеніне күмән жоқ. Мен ауылдық округ әкімі ретінде Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Ұлт жоспары туралы айтылған сөздері толқытты», - деді Д.Ештаева.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ студенті Рауан Серікбол

«Елдегі сайлау жаңашылдықтың басы болары сөзсіз. Біз 20 наурызда өтетін сайлау қарапайым азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған шара екеніне сенеміз.Барлық міндет орындалады себебі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сынды білгір, көреген көшбасшымыз бар. Біз оның төрағалығымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойламақпыз. Бұл келе жатқан мерей тойды біз бірлікпен, ынтымақтастықпен қарсы аламыз», - деді студент.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар