• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Канаданың Сыртқы істер министрлері түрлі сала бойынша әріптестікті нығайтуға келісті

Қазақстан мен Канаданың Сыртқы істер министрлері түрлі сала бойынша әріптестікті нығайтуға келісті

13 Қараша, 2013 15:40
ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанаға ресми сапармен келген канадалық әріптесі Джон Бэрдпен кездесу өткізді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«Бұл Канаданың сыртқы саясат ведомство  басшысының 1992 жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағаннан бергі алғашқы ресми сапары. Кездесу барысында қазақстан-канада қатынастының «локомотиві» болып табылатын екіжақты сауда-экономикалық  және саяси қатынастар кеңінен талқыланды. ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстанның Канаданың ТМД, Шығыс және Орталық Еуропа елдері ішіндегі басты сауда серіктесі екенін, ал Канада Солтүстік және Орталық  Америка елдерінің ішіндегі басты әріптесі екенін жеткізді. 2012 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі $3,3 млрд-қа жетсе, 2013 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш $1,929 млрд-ты құрады», - делінген хабарламада.

Инвестициялық әріптестік келіссөздердің бас тақырыбына айналды. Тараптар аталмыш салада әріптестікті нығайтуға уағдаласты. Қазақстанның Ұлттық Банкі мәліметінше, 1993 жылдан бері ҚР экономикасына Канададан тікелей тартылған инвестиция көлемі $6 млрд-тан асқан (9-орын). 2012 жылдың қортындысы бойынша, Канада, Нидерланды, Қытай, Швейцария, АҚШ, Бельгия мен Франция ҚР экономикасына инвестиция құйған елдер тізімін бастап тұр. Осы уақыт аралығында инвесторлар $743 млн салған. Канадалық инвестицияның негізгі бағыты мұнай-газ секторы мен уран өндірісіне бағытталған.

Хабарламада айтылғандай, екі ел арасындағы тағы бір маңызды сала болып табылатын ауыл шаруашылығы мен аграрлық сектордағы әріптестік мәселелерін ортаға салды. Канадалық ауылшаруашылық техникасы мен қондырғылары Қазақстанда сұранысқа ие. Канада үшін Қазақстан ауылшаруашылық техникасы мен астық қондырғыларын экспорттайтын тұтынушы ел.

Жоғарыда айтылған мәселелерден бөлек, ядролық қаруды таратпау мен білім беру саласына да тоқталды. Сонымен қатар, ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселесі де айқындалды.

«Келіссөздер қорытындысы бойынша баспасөз алдында сөз алған Дж.Брэд ҚР Президентінің ядролық  қаруды таратпаудағы көшбасшылығын жоғары бағалайтынын айтты. Оның айтуынша, Канада үшін Қазақстанға инвестиция тарту Орта Азия елдерінің экономикасына да құйған қаражат болып табылмақ», - делінген хабарламада.

Дж.Брэдтің сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев ҚР Үкіметі мен Канада Үкіметі арасында атом энергиясын бейбіт түрде қолдану туралы келісімге қол қойды.

Барлық жаңалықтар