2015 жылы Қарағанды облысында 320,7 мың шаршы метр пәтер тапсырылды

11 Ақпан, 2016 08:37
Тұрғын үй алаңы 2014 жылға қарағанда 1,6% артық, немесе 320,7 мың шаршы метр (2 583 пәтер) тапсырылды, деді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков халық алдында берген есебінде.

«Көктемгі су тасқыны зардаптарын жою шаралары аясында су басудан жапа шеккен облыс тұрғындары үшін Бұқар жырау, Абай, Ақтоғай, Нұра, Қарқаралы, Шет аудандарында, Шахтинск қаласында 346 үй салынды», - деді Н.Әбдібеков.

Оның айтуынша, жер астынан кен алынған аймақтар – Весовая, Крестовский, Перевалка, ГРП елді мекендеріндегі тұрғындарды көшіру мақсатында Сәтбаев қаласында жалпы аумағы 30,9 мың шаршы метрді құрайтын, 460 пәтерлік 9 тұрғын үйдің құрылысы басталды.

2016 жылы жалпы аумағы 22,1 мың шаршы метрді құрайтын, 345 пәтерлік 6 тұрғын үйдің құрылысын қосымша бастау жоспарланған.

Қарағанды қаласында 200 кереуеттік көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы жалғасуда.

«Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Қарағанды және Сәтбаев қалаларындағы 2 мектеп пен облыс орталығындағы балабақшаның құрылысы аяқталады.

Жезқазған қаласында «Балапан» бағдарламасы бойынша салынып жатқан балабақшаның құрылыс жұмысы жалғасуда.

Абай ауданының Құрма ауылындағы және Жаңаарқа ауданының Жұмажанов ауылындағы 2 мектепті, сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы тірек-қозғалыс аппаратында кемістігі бар балаларға арналған мектеп ғимаратының жапсырма құрылысын қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Аумағы 201 мың шаршы метрден кем емес тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылған. Құрылысқа бөлінетін шығыстардың мөлшері азайғанына қарамастан, әлеуметтік тұрғын үйлерді салу көлемі бұрынғы жылдардың деңгейінде қалады. Осы мақсатта «Қазақстандық ипотека компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ және «Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ тарапынан тұрғын үйлер құрылысын салу көлемі ұлғайтылады.

Бұдан тысқары, Мемлекет басшысы белгілеген Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы міндеттерді жүзеге асыру аясында 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, сәулет, қала құрылысы және құрылысқа қатысты іс-қимылдар туралы заңға құрылыс пен жаңа нысандарды қолданысқа беру рәсімдерін ықшамдаған, сонымен қатар, құрылысты салушылар мен мердігерлерге қойылатын талапты қатаңдатқан өзгерістер енгізілді.

Жаңа нормативтердің қабылдануы инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға, құрылыс нарығында қызмет көрсететін қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Барлық жаңалықтар