Талдықорғанда медицина мамандарына 60 пәтер берілді (ФОТО)

10 Ақпан, 2016 17:13
Бүгін Талдықорған қаласындағы «Шығыс» шағын ауданында медицина қызметкерлеріне арнап салынған көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ақ халаттыларға жаңа пәтерлердің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов тапсырды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

“Халықтың денсаулығын жақсарту – Мемлекет басшысы айқындап берген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында негізгі басымдықтардың бірі. Бұл орайда облыстың медицина саласына бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға артып, саланы дамытуға қажетті қолдаулар көрсетіліп келеді. Оның ішінде күні-түні тынбай еңбек ететін дәрігерлердің алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасау да – біздің басты міндетіміз. Жақында 300 орынды аурухананы пайдалануға бермекпіз. Онда жұмыс істеуге жас мамандарды тартатын боламыз. Оларға қолайлы жағдай жасап, тағы да осындай үйлер тұрғызамыз” – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Пәтер кілттері салтанатты жағдайда тапсырылғаннан кейін қоныстой иелері атынан сөз алған «Күншуақ» туберкулезге қарсы балалар санаторийінің бас дәрігері Мырзахмет Ережепов тұтастай бір көпқабатты үйді медицина қызметкерлеріне арнап салу және беру бұған дейін болмағанын, сондықтан бүгінгі күнді облыстың денсаулық саласы үшін тарихи күн деуге болатынын ризашылықпен жеткізді. Жас мамандар атынан сөйлеген облыстық перинаталдық орталықтың дәрігері Сәния Кәрімқызы Елбасына, облыс басшылығына зор алғысын жеткізе отырып, бар білімі мен білігін, күш-жігерін жұмсап, елге адал қызмет етуге уәде берді.

Жалпы, аталған тұрғын үй құрылысының жалпы сметалық құны 348,9 млн. теңге. Бес қабатты үйді 2014 жылдың тамыз айынан бастап «Бекжан Құрылыс» ЖШС салған. Тұрғын үйде 32 екі бөлмелі, 28 бір бөлмелі пәтерлер бар, жалпы алаңы 31070,84 шаршы метрді құрайды.

Барлық жаңалықтар