• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Нұр Отан» партиясы Астана қаласының мәслихат депутаттығына 25 кандидат ұсынды (ФОТО)

«Нұр Отан» партиясы Астана қаласының мәслихат депутаттығына 25 кандидат ұсынды (ФОТО)

10 Ақпан, 2016 12:21
Бүгін «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалының кезектен тыс XXII конференциясында Астана қаласы мәслихатының депутаттығына 25 кандидат ұсынылды.

«Электоралдық науқанның күнтізбелік жоспарына сәйкес, 1-3 ақпан аралығында "Нұр Отан" партиясынан Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттарды анықтау үшін партияішілік праймериз өткізілді. Бұл бағытта партия активі үлкен жұмыс атқарды. Астанадағы әрбір сайлау округі бойынша бастауыш партия ұйымдарының саны мен партия мүшелері анықталды. Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттарды анықтау тәртібі әзірленді», - деді конференцияда "Нұр Отан" партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы, Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков.

Оның айтуынша, бір депутаттық мандатқа кемінде екі үміткер ұсынылған.

«Барлығы 25 праймеризге бастауыш партия ұйымдарынан 900-ден астам сайлаушы қатысты. Дайындық жұмыстары праймеризді жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік берді. "Нұр Отан" партиясының Астана қалалық филиалының саяси кеңес бюросында барлық үміткерлердің кандидатуралары жан-жақты қаралды. Бұл белгілі адамдар, олар Астананы дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді», - деді Ә.Жақсыбеков.

Сонымен, "Нұр Отан" партиясы Астана қаласы мәслихатының депутаттығына 25 кандидат ұсынып отыр. Үміткерлердің ішінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, сондай-ақ кандидаттардың арасында дәрігерлер, кәсіпкерлер, мектеп директорлары, қоғам қайраткерлері бар. Айта кетсек, 25 кандидаттың алтауы әйел. 

 

Барлық жаңалықтар