• Басты
  • Жаңалықтар
  • Г.Әбдіқалықова: Біз Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы дамудың жаңа кезеңін бастадық

Г.Әбдіқалықова: Біз Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы дамудың жаңа кезеңін бастадық

9 Ақпан, 2016 11:25
Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы дамудың жаңа кезеңі басталды, деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ақордада Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, Елші Траян Христеамен кездесу барысында.

«Қазіргі уақытта Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастық жаңа даму кезеңіне өтті. 2015 жылғы желтоқсанда қол қойылған ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім өзара сауданың одан әрі өсуіне және өзара іс-қимылдың жан-жақты нығаюына үлес қосады деген ойдамын. Бүгінде Үкімет бұл келісімді ратификациялау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», - деді кездесуде Г.Әбдіқалықова.

Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегіне қатысты ауқымды мәселелер талқыланды, сондай-ақ Мемлекеттік хатшы мен Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық даму қарқынына оң баға берді.

Г.Әбдіқалықова Еуропалық Одақтың қолдауымен Қазақстанның ДСҰ-ның толыққанды мүшесі болғанын атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекеттік еуропалық серіктестерді экономикамызды индустрияландырудың екінші кезеңіне және "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қатысуға шақырды.

Кездесу кезінде Мемлекеттік хатшы дипломатқа биыл наурызда Парламент кезектен тыс сайлауы өтетінін жеткізіп, еуропалық парламент өкілдерінің сайлау барысының халықаралық бақылаушылары ретінде белсенді қатысатынына сенім білдірді. 

Барлық жаңалықтар