ОҚО-да мәслихат депутаттығына 155 үміткер тіркелді

9 Ақпан, 2016 12:36
8 ақпандағы жағдай бойынша облыста мәслихат депутаттығына 155 үміткер ұсынылды. Оның ішінде 11 азамат облыстық мәслихатқа, 38-і қалалық, 106-ы аудандық мәслихатқа ұсынылып отыр дейді, Оңтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өміралиев Strategy2050.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

«Облыста кезектен тыс Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депуттарын сайлау науқанына дайындық ҚР Орталық сайлау комиссиясының бекіткен күн тәртібі жоспары бойынша жүріп жатыр. Облыстық, аудандық және қалалық газеттерде сайлау учаскелері мен округтері қай жерлерде орналасқандығы туралы толық ақпараттар жарияланған»,-деді  Ә.Өміралиев.

Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу мен ұсыну шаралары жүріп жатыр.

«8 ақпандағы жағдай бойынша облыста мәслихат депуттығына 155 үміткер ұсынылды. Оның ішінде 11 азамат облыстық мәслихатқа, 38-і қалалық, 106-ы аудандық мәслихатқа ұсынылып отыр. Облыстық мәслихатқа ұсынылған 11 үміткердің біреуі «Ақ жол» партиясынан»,- деп нақтылады комиссия төрағасы.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша биыл 1 074 сайлау учаскесі жұмыс жүргізуге дайын, деп хабарланды.

«Биыл халық санының артуына байланысты қосымша 46 жаңа сайлау учаскесі ашылып отыр. Сайлаушылар саны 100 мың адамға артқан. Өткен жылы облыста 1 млн. 200 мың сайлаушы болса, қазір облыста сайлаушылар саны 1 371 225 адамға жетті»,-деп хабарлады Ә.Өміралиев.

ОҚО-да  төрағалардың, аудандық және қалалық сайлау комиссиясы хатшыларының, саяси партия өкілдерінің, қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен оқыту семинарлары мен тренингтер өтті.

Ботагоз Айтжанова

Барлық жаңалықтар