Қазақстанда мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу жалғасуда

8 Ақпан, 2016 20:36
Ақмола облысында барлық деңгейлі мәслихат сайлауына 442 адам қатысуға үмітті, оның 43 облыстық сайлау комиссиясында тіркелді.

Ақмола облысының тұрғыны Қанат Байбұров, мәслихат депутаты болуға осымен екінші рет құжат тапсырды. Бұл жолы "Нұр Отан" партиясының тізімімен ұсынылды. Жол апатына ұшырап, қоларбаға таңылған ол «Мүгедектер қоғамына» жетекшілік етеді.

«Алдымызда тұрған 2017 жылы өтетін Экспо + мейрамымыз бар. Ол келген уақытында біздің Бурабай ауданымызға 1,5 млн келетін қонақтарымыз бар. Оның ішінде де қарттар болады, мүгедектер де болады. Бәрі сол біздің табиғатымызды қараймыз деп келеді. Енді біз соған қаламызды дайындауымыз керек», - деді Мәслихат депутаттығына кандидат Қанат Байбұров.

Ал, Солтүстік Қазақстан облысында 350 жуық азамат сайлауға түсуге өтініш білдірген. Соның бірі - Павел Афанасьев. Бұған дейін Петропавл қалалық мәслихатының 5-шақырылым депутаты болған. Ал, биыл саяси додаға «Бірлік» саяси партиясының атынан түспек.

 ««Бірлік» партиясының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Алда болатын саяси науқанға алғаш рет қатысқалы отырмыз. Барлық мәселені шешуде әрине белсенді болған абзал. Сондықтан, бүгіннен бастап осы шаруаларға араласуымыз қажет. Бұл ел үшін де, қоғам үшін де маңызды», -  деді Павел Афанасьев.

Маратбек Нұржанов бүгін сайлау комиссиясына арнайы келіп тіркелді. Тарих пәнінің мұғалімі енді халық қалаулысы атанып көрсем бе, - дейді. Мәслихатқа өтіп жатса, атқарылатын іс те көп. Ешбір партияға мүше емес.«Еліміздің келешегіндегі мақсаттың барлығы да көбінесе экономикалық жағдайға келіп тіреліп тұр. Енді әлемдік дағдарыс деп жатырмыз, бірақ еліміздің келешегіне осы дағдарысты жеңіп, бір жағынан рухани да бірлігіне тікелей атсалысуға көп үлес қоссам ба деймін», - деді М.Нұржанов.

Тұрғылықты мекенін түлету Талғат Құлмағанбетовтың да басты мұраты. Қызылордалық кәсіпкер бұл мақсатына жету үшін қалалық мәслихатқа депутат болуды көздеп отыр. Ешбір саяси ұйымда жоқ, сайлауалды бағдарламасы әзір.

« Таза экологиясы жақсы жаңа инфрақұрылымдар салу арқылы қаламыздың бәсекеге қабілетті орталыққа айналуы ортақ мақсатымыз. Қаламызды абаттандыру және көгалдандыру бағытында атқарылатын жұмыстардың жандана түсуіне атсалысу», - Талғат Құлмағанбетов.

Айта кетейік, үміткерлерді  қабылдау 19 ақпанға дейін, ал тіркеу 23 ақпанға дейін жалғасады.

Индира Кауметова

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар