Ж.Сүлейменов: Жаңаша ойлау – ілгерілеу кепілі

8 Ақпан, 2016 09:02

Заман құбылып тұр. Әлемнің түкпір-түкпірінде ұйытқи соққан дағдарыс желінің  бүгін-ертең бәсеңситін түрі байқалмайды. Міне, осындай күрделі жағдайда не істеуіміз керек? Қалыптасқан ахуалға қайтарар жауабымыз қандай болмақ? Тәуелсіз елімізді одан әрі серпінді дамыту үшін бірінші кезекте қандай шараларды қолға алғанымыз жөн? Халықтың көкейінде жүрген осы және басқа сауалдарға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» саяси партиясының кезектен тыс XVII съезінде егжей-тегжейлі жауап берді, деді Қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов  Strategy2050.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

«Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз жаңа ахуалда өмір сүруді, даму үшін мүмкіндіктер тауып, сын-қатерлерді ептілікпен еңсеруді үйренуіміз қажет», дей келіп, біздің әрқайсымыз  жаңаша ойлап, жаңаша әрекет еткенде ғана елді жаңарту орайындағы ау­қымды жұмыстарымыз күндегідей қайтарым беретінін айтты. Дағдарыс деп үрейлене бергенмен мәселенің шешілмейтініін түсіндірді»,-деп атап өтті ол.

Партия­мыздың 8 бөлімнен тұратын «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты 2016-2021 жылға арналған сайлауалды бағдарламасымен ықылас қоя таныстым және оны  жаһандық сын-қатерлерге қарсы және жаңа нақты ахуалда өмір сүруге бейімделудің іс-қимыл жоспары деп қабылдадым, дейді Қоғам қайраткері.

«Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың барлығы да өз бастауын «Қазақстан-2050» Стратегиясынан алатынын, бұл құжат бес институттық реформаны жүзеге асыру аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негізгі бағыттары ескеріле отырып әзірленген бөле-жара айтуымыз керек. Ол біздің Тәуелсіз Қазақстанымыздың таңдаған жолынан айнымайтындығының айқын дәлелі. Съезде қаралған мәселелер тек партия үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды. Біз Ұлт Жос­парын табысты жүзеге асыру арқылы қоғам өмірінің барлық саласын жаңғырта отырып, әлемдегі озық дамыған отыз елдің қатарына қосыла аламыз. Елбасы  таңдаған  жолдың қазақ елінің жұртшылығын адастырмайтынына, елімізге  дүниежүзін шарлаған дағдарыс пен одан туындайтын қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік беретініне өз басым кәміл сенемін»,-деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ол, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен жер­гілікті мәслихат депутаттарын сайлау қоғам өміріне жаңа леп  әкеледі деп ойлайтынын да баса айтты.

Қанат Тұраров

 

Барлық жаңалықтар