Б.Смағұл: Елімізде еңбек адамына қолдау бар

8 Ақпан, 2016 10:35

Адамға, қоғамға, кез келген мемлекетке жаңа биіктерді, ұлан асуларды бағындыруға мүмкіндік беретін ұлы құдырет бар. Ол – Еңбек. Еңбекпен келген дәулет – ең берекелі. Халықтың әл-ауқатын арттыруда, қазақстандықтардың өмір сапасының жаңа стандарттарын қалыптастыруда еңбектің маңызы зор, дейді Strategy2050.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл.

«Мемлекет басшысы съездегі бағдарламалық баяндамасында атап көрсеткен, қайта өзектілендірілетін «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы Қазақстанның Дағдарысқа қарсы жоспарының бір шарасы болып табылады, сондай-ақ ол түптеп келгенде, Елбасы жариялаған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының табысты жүзеге асуына қызмет етеді.  «Жұмыспен қамтудың Жол картасы–2020» бағдарламасы арқылы Еңбек адамына қолдау көрсетіледі. Жаңа кәсіп игерем дейтін адамдар сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта оқытылады. Өз ісін бастауды қалаған азаматтар тегін кеңес-консультациялар алады, кәсіпкерлік негіздерін игереді, төл бизнесін ашу немесе кеңейту үшін кредит түрінде қаржылық қолдау көреді. Мемлекет тіпті тұрақты жұмыс орнын табуы үшін қазақстандықтарға жұмыс күшін көп қажет ететін аудан-өңірлерге көшіп баруына да жәрдемдеседі. Осылайша, қазақстандықтардың еңбек етуіне бар мүмкіндік туғызылуда», - де атап өтті ол. 

Оның айтуынша, негізі, кәсіпкерлікті өркендету, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау да – халықты жұмыспен қамтудың жеке бір бағдарламасы болып табылады. 

«Мемлекет алдағы уақытта жеке бизнеске шағын несие беру, жұмысшыларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру ісін қаржыландыру көлемін ұлғайтады. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде, таяу жылдарда 400 мың жұмыс орны ашылады. Президент назар аударғанындай, бүгінде бүкіл әлемде заман өзгеруде, дәуір ауысуда. Енді қимылдап, еңбек қылмаған адамды да, қоғамды да жаңа туған заман жарылқамайды. Сондықтан әрбір қазақстандық өз білімін, біліктілігін жетілдіріп, жаңа өмір шынайылығында бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп қалуы, өз орнын табуы керек»,- дейді «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы.

Қанат Тұраров 

Барлық жаңалықтар