• Басты
  • Жаңалықтар
  • Б. Нұрымбетов: Жұмыспен қамту туралы заң тиімді еңбек нарығын қалыптастыруға бағытталған

Б. Нұрымбетов: Жұмыспен қамту туралы заң тиімді еңбек нарығын қалыптастыруға бағытталған

5 Ақпан, 2016 18:21
«Жұмыспен қамту туралы» ҚР Заң жобасы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысатын азаматтар санатын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Біржан Нұрымбетов жуырда Парламент Сенатында ұсынылған «Жұмыспен қамту туралы» ҚР Заң жобасының нормаларын түсіндіруге арналған брифингте мәлімдеді.

Ол аталған заң жобасының Мемлекет басшысының тапсырмасы Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын жүзеге асыру мақсатында дайындалғанын еске салды. Құжат сапалы еңбек нарығын құруға және жұмыспен қамтудың белсенді шараларын кеңейтуге бағытталған. Оны әзірлеу барысында Халықаралық еңбек ұйымының негізгі қағидалары есепке алынып, сонымен қатар, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің тәжірибелері зерделенді.  

Заң нормаларын түсіндіре келе, Біржан Нұрымбетов азаматтар үшін ең маңызды новелла -  жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысатын тұлғалар санатын кеңейту мен осы шараларды саралау болып табылатынын атап айтты.  

«Заң жобасында белсенді жұмыспен қамту шаралары әрқайсысы үшін азаматтардың басым санаттары белгіленгені өте маңызды. Кәсіби оқыту шараларына жұмыс іздеп жүрген азаматтар, жұмыссыздармен қатар, еңбек келісімшарты бойынша жұмыс істеп жүрген тұлғалар бағытталады. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыз азаматтарға беріледі. Жастар практикасына 29 жасқа дейінгі білім беру ұйымдары түлектерінің арасындағы жұмыссыздар бағытталады. Қоғамдық жұмыстарға жұмыссыздармен бірге, студенттер мен жазғы демалыс мерзіміндегі жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сынып оқушылары, кәсіпорынның жұмысы тоқтатылып қалған уақытында жұмыспен қамтылмаған азаматтарды орналастыру ұсынылады. Сонымен қатар, заң жобасы мүгедектерді, пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларды, бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтар мен интернаттық ұйымдардың кәмелет жасына толмаған түлектерін жұмысқа орналастыру үшін квота бөлуді қарастырады», - деді Біржан Нұрымбетов.  

Вице-министрдің пікірінше, заңнамаға енгізілетін тағы бір маңызды жаңалық - жаңа Еңбек Кодексіне сәйкес, экономикалық негіздеме бойынша жұмыстан босатқанда, қызметкерлердің санын немесе штатты қысқартқанда, жұмыскерлерді жаппай қысқарту, яғни, кәсіпорын жұмысын тоқтатқан немесе банкротқа ұшыраған жағдайда, 4 айдан 6 айға дейін жұмысын жоғалтқанда әлеуметтік төлемдер уақытын ұзарту болып табылады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы»  ҚР Заңына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек жұмысқа жарамды азаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда ғана беріледі. Жұмыссыз азаматтар мен жұмыспен қамту орталықтары арасында әлеуметтік келісімшарт жасалатын болады. Тұлғаларға тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қажет болған жағдайда қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі», - деп атап айтты Біржан Нұрымбетов.

Сонымен бірге, заң жобасы жұмыссыз статусын беру процедураларын өзгертуді ұсынады.

«Жұмысқа орналасу мақсатымен жұмыспен қамту орталығына хабарласқан жеке тұлғаға ең алдымен жұмыс іздеуші адам статусы беріледі. Жұмыс іздеп келген азаматқа 10 күнде нарықтағы бос орындар ішінен тиісті жұмыс орнын  іздеуге көмек көрсетіледі. Егер осы уақыт аралығында көзделген жұмыс табылмаса, бұл адамға жұмыссыз статусы беріліп, жұмыс іздеуші жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға жіберіледі, сонымен қатар, әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемақы тағайындалады. Ұсынылып отырған тәсіл жұмыссыздарды немқұрайлы тіркеуді болдырмауға, олардың жауапкершілігін арттыруға негізделген. Жұмыспен қамту мәселелерінде тек мемлекет қана емес, жұмыссыз азаматтар да мүдделі болып, белсенділік танытулары керек», - деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов. Ол халықты жұмыспен қамту орталығы әрбір жұмыссыз азамат үшін жұмысқа орналастыру жеке картасын жасайтынын да хабарлады.

Еңбек нарығындағы өңірлік сәйкессіздіктерді жою мақсатында Заң жобасында әлеуметтік-экономикалық әлеуеті төмен елді-мекендердегі азаматтарды жұмыс берушінің талаптарына сай әлеуеті жоғары елді-мекендерге, сонымен қатар, «Көші-қон туралы» ҚР Заңына сәйкес, аймақтық қоныс аударушыларға берілетін квоталар аясында ҚР Үкіметі белгілеген аймақтарға тұлғаларды жұмыспен қамту мақсатында ерікті қоныс аудару ісін жандандыруға негізделген жаңа шара қарастырылған.

Барлық жаңалықтар