Ш.Мұсабекова: Күн сайын 100 астаналық донор ретінде қан тапсырады

5 Ақпан, 2016 11:23
Өткен жылы Астанадағы Қан орталығында 45 мың адам ерiктi түрде қан тапсырған. Бұл жөнiнде бүгiн елордадағы Трансфузиология ғылыми-өндiрiстiк орталығында ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiмен бiрлесiп «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Бiр тамшы қан – сақталған өмiр» акциясы барысында орталық директорының медициналық жұмыстар жөнiндегi орынбасары Шайжамал Мұсабекова мәлiмдедi.

«Бүгiнгi акцияны өткiзу ақысыз негiзде ерiктi донорлықты дамытуға ықпал етедi. Жалпы, донор болу 1900 жылдан берi қалыптасқан деп сенiмдi айтуға болады. Жыл сайын бiздiң Қан орталығымызда 45 мыңнан астам донор қан тапсырады. Тапсырылған қан емханалардың сұранысын қанағаттандыруға жетедi. Бiз қаладағы 23 клиникаға қызмет көрсетемiз. Барлық трансплантация, жүрекке жасалған ота, босанулар кезiнде қан құйылады», - дейді Ш.Мұсабекова.

Ол ерiктi түрде қан тапсырып, осы әрекетi арқылы азаматтардың аман қалуына үлес қосып жатқан донорларға ризашылығын жеткiздi.

«Өздерiңiз бiлетiндей, Ана мен бала орталығында лейкоз ауруына шалдыққан балалар өте көп. Онкогемотология орталығы күн сайын тромбоциттердiң 5 дозасын ауыстыруды қажет етедi. Бiр адамнан алынатын 450 мл қаннан 200 плазма, 250 мл эритроцит аламыз. Бiз бүгiн 45 мың донорымыз бар деп бей-жай отыра алмаймыз. Себебi, қанның жарамдылық мерзiмi бар. Сондықтан, қанды тұрақты түрде жаңартып тұруымыз қажет. Сондықтан, бiз ел азаматтарын қан тапсыруға шақырамыз. 450 мл көлемiнде қан тапсыру адам денсаулығына керi әсер етпейдi», - дейдi директордың орынбасары.

«Бүгiнгi акцияға кем дегенде 100 адам қатысады деп күтіп отырмыз. Негiзi, күн сайын орталыққа 100-120 адам қан тапсыруға келедi. Әрi десе, бiз көшпелi акциялар ұйымдастырып, донорлардан қан аламыз. 2015 жылы орталықта жалпы 39 мың литр қан тапсырылған. Ал донорлар саны шамамен 35 мың адам. Жалпы донация саны 45 мың. Яғни, бiр рет қан тапсырған азамат бiрнеше рет донор бола алады. Олардың 50%-ға жуығы тұрақты донорлар. Жыл сайын донор болуға ниет бiлдiрiп, қан тапсырып жатқандар саны артып келедi. Әсiресе, жастар белсендiлiгi ұлғайды. Әрине, бiз оны таза қан түрiнде емес, қан құрауыштары, яғни, плазма, эритроцит, тромбоцит түрiнде құятынымызды да ескеру керек», - дейдi дәрiгер.

 

Барлық жаңалықтар