«Бәйтерек» холдингі 390 млрд теңге жеке инвестиция тартуды жоспарлауда

4 Ақпан, 2016 17:08
«Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС-ның (бұдан әрі – МЖӘ орталығы) жобалары қоржынында бүгінгі күні 17 жоба жинақталды, олар бірнеше жыл ішінде МЖӘ тетіктерін қолданумен іске асырылатын болады, деп хабарлады “Бәйтерек” ҰБХ.

Қазіргі уақытта 282 млрд. теңге мөлшеріндегі жеке инвестициялардың сомасына 11 жоба құрылымдалды, 2016 жылы 110 млрд. теңгеден кем емес жеке инвестициялардың сомасына қосымша тағы 6 жобаны құрылымдау жоспарланып отыр.   

Орталық әзірлеуге қатысқан жобалардың бірі ҮАААЖ (Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы). Өткен жылдың соңында әлеуетті концессионерлерден конкурстық өтінімдер қабылдау басталды. Қазіргі уақытта конкурстық өтінімдерді бағалау жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыруды бастау 2016 жылдың екінші жартысына белгіленді.    

Қазіргі кезде МЖӘ орталығы құны 38 млрд. теңге «Алматы қаласында С.Д. Асфендияров атындағы медициналық университеті жанынан көпбейінді аурухана салу» жобасы бойынша конкурс ұйымдастырумен айналысуда. Жоба Қазақстанның Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, таяу арадағы перспективада Шымкент қаласында ұзындығы 48 шақырым  4 жолақты қозғалысы бар айналма жолды салу бойынша МЖӘ жобасы іске асырылуы мүмкін.  

Көрсетілген жобалардан басқа, Орталық қоржынындағы жобалар:  Қызылорда қаласында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана салу, Шымкент қаласында 1500 орынға арналған түзеу мекемесін салу және пайдалану, Алматы қаласында жеңіл рельсті көлік желісін салу және пайдалану, Петропавл қаласында балабақшалар салу, Қызылорда қаласында жатақханасы бар 600 адамға арналған колледж салу және пайдалану, Қызылорда қаласында «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалы және басқалар.

2016 жылға жоспарланып отырған жобалар: Алматы қаласын айналып өтетін темір жолы, Қазақстан Қорғаныс министрлігінің мұқтаждықтары үшін тұрғын үй, Қызылорда облысында су арнасы, әуежолаушылардың бірыңғай деректер базасы,   Қазақстанның ұлттық геоақпараттық жүйесін құру, Алматы қаласында Құрманғазы атындағы консерватория үшін жатақхана салу.

Барлық жаңалықтар