• Басты
  • А.Айымбетов: Жетістікке жету үшін еңбексүйгіш болу керек

А.Айымбетов: Жетістікке жету үшін еңбексүйгіш болу керек

4 Ақпан, 2016 11:29
Астана қаласындағы Оқушылар сарайында Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері Айдын Айымбетов пен елорданың орта білім беретін мекемелерінің оқушыларының кездесу болып өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің өкілдері қатысты.

Осы іс-шараның басында Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері Айдын Айымбетовтің ғарыштық ұшуына арнап түсірген «Асыл арман» деректі фильм көрсетілді.

А.Айымбетов өз сөзінде Оқушылар сарайының басшылығын өскелең ұрпақпен осындай кездесу ұйымдастырып отырғандығы үшін алғыс білдірді.

«Ғарыш, ғылым, спорт немесе өзге де шығармашылық жұмыстармен айналысып, белгілі бір жетістіктерге жеткен қазақстандықтардың игі істерін жас ұрпаққа үлгі ету – өнегелі іс. Жастарды тәрбиелеу – Қазақстанның мемлекеттік саясатын іске асырудың негізгі басым бағыттарының бірі», – деп атап өтті ол.

«Құрметті балалар, егер сіздер алдарыңызға белгілі бір мақсат қойып, биік шыңдарды бағындыруды армандасаңыздар, өздеріңіздің сүйікті істеріңізбен айналысыңыздар. Ол үшін, ең алдымен, жақсы оқу керек, еңбексүйгіш болу керек және табысқа сену керек. Қай кәсіпті таңдасаңыз да қол жетпейтін арман болмайды, бәріне де еңбекпен қол жеткізе аласыз», – деді А.Айымбетов.

Іс-шараның соңында елорда мектептерінің оқушылары А. Айымбетовке 2015 жылдың 2 қыркүйегінде оның ұшқыш басқаратын «Союз ТМА – 18М» ғарыш кемесінің экипаж құрамында ұшқан ғарыштық ұшуына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 5-ші ғылыми бағдарламасын іске асыруға қатысты сұрақтар қойды, оқушылар қойған сұрақтарына толық, жан-жақты жауап алды.

Бұдан басқа, салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері Айдын Айымбетов Оқушылар сарайының әкімшілігіне өзінің ғарыштық ұшуы кезінде Халықаралық ғарыш станциясының бортында, жер төңірегіндегі орбитада өзімен бірге болған Оқушылар сарайының туын табыс етті.

Барлық жаңалықтар