• Басты
  • Жаңалықтар
  • 2015 жылы онкологиялық аурулармен сырқаттанған пациенттерге 13 мыңнан аса сәулелі терапия жүргізілді

2015 жылы онкологиялық аурулармен сырқаттанған пациенттерге 13 мыңнан аса сәулелі терапия жүргізілді

4 Ақпан, 2016 08:54
2015 жылы Қазақстанда онкологиялық аурулармен сырқаттанған пациенттерге 13 мыңнан аса сәулелі терапия жүргізілді, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.

2015 жылдың сәуір айынан бастап 191 онкологиялық аурулармен сырқаттанған адамдарға радиациялық онкологияның жоғарғы технологиялы орталықтары құрылған Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОРҒЗИ), Астанадағы онкологиялық диспансердің, Семей қаласындағы аймақтық онкодиспансердің және Ақтөбедегі М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті медициналық орталығының  базасында  жаңа сызықтық үдеткіштің негізінде сәулелі терапияның 13292 сеансы өткізілді.

Аталған орталықтар Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында онкологиялық аурулармен сырқаттанған адамдар үшін емдеудің жоғарғы технологиялық әдістерін қолжетімді ету мақсатында ашылған.

Сызықтық үдеткіштерді қолдану пациенттерге ісікке жақын орналасқан сау ағзалар мен тіндерге зақым келтірмей, тек зақымданған ісік ошағын сәулелендіру арқылы сәулелі терапияны ұқыптылықпен алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, емдеу курсы қысқарып, қажетті терапевтік тиімділікке қол жеткізіледі.  

Онкологиялық аурулармен сырқаттанған адамдарды емдеудің жоғарғы технологиялық әдістерін қолдану үшін мамандар әлемнің үздік клиникаларында (АҚШ, Франция) дайындықтан өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың наурызында Алматыда ҚазОРҒЗИ-да онкологиялық ауруларды емдеудегі бағдарламалық қамтамасыз ету мен медициналық жабдықтарды шығарудағы көшбасшы болып есептелетін Varian Medical System компаниясының «Truebeam» жаңа сызықтық үдеткіші алғаш рет іске қосылды. Аталған жабдықты сатып алғаннан соң (бір құрылғының бағасы 1,366 млрд. теңге) ҚР онкологиялық қызметі жаңа сапалы деңгейге шықты. Қазақстандықтар республика аумағынан шықпай-ақ, емдеудің жоғарғы технологиялық әдістеріне қол жеткізді.

 

Барлық жаңалықтар