«Даму» қорының басшысы ауысты

2 Ақпан, 2016 19:18
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы ауыстырылды, деп Қордың баспасөз қызметі хабарлайды.

Холдингтің 2016 жылғы 1 ақпанда өткен Директорлар кеңесінің шешімімен «Даму» қорының Басқарма Төрағасы лауазымына Қаныш Тулеушин тағайындалды. Жаңа тағайындауға дейін Қ. Тулеушин «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарды.

«Қаныш Тулеушин «Болашақ» бағдарламасының түлегі болып табылады. 2006 жылы Оксфорд Университетін (Оксфорд, Ұлыбритания) үздік тәмамдап, инновациялық менеджменттің магистрі атанды. Сондай-ақ, қаржы және кредит мамандығы бойынша Еуразия ұлттық университетінің қызыл дипломын алды»,-деп хабарлануда айтылған.  

Өз еңбек жолын 2004 жылы «Темірбанк» АҚ-да бухгалтер-операционист қызметінен бастады. Кейіннен сол банкте есептеу-кассалық бөлімнің бастығы болып тағайындалды. Әр жылдары «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-да консультант, «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-да бас сарапшы қызметтерін атқарды.

 2007 жылы Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінде Инновациялық саясат басқармасын басқарды. 2008 – 2011 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде еңбек етті.                         

  2011 жылы Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болып тағайындалды. 2013 жылдан бастап «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры – басқарма мүшесі болып жұмыс істеді.

Бұған дейін «Даму» қорын басқарған Ләззат Ибрагимова «Бәйтерек» холдингі Басқарма Төрағасының орынбасары қызметіне ауыстырылды.

Барлық жаңалықтар