Маңғыстау облысында 18,5 млн тонна мұнай мен газ өндірілді

2 Ақпан, 2016 11:06
Маңғыстау облысында 2015 жылы 18,5 млн тонна мұнай мен газ өндіріліп, жоспар орындалған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында облыс әкімі Алик Айдарбаев айтты.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын іске асыруда Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, «Нұрлы жол» бағдарламасынан туындайтын міндеттері аясында қазіргі жағдайда облысымыз белгіленген межелер бойынша дамып келеді. Облыстағы барлық қабылданған шаралар сапалы экономикалық өсуді, индустриялды-инновациалдық даму бағдарламасын одан әрі жүзеге асыруды, халықтың тұрмыс жағдайын және өмір сүру деңгейін жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталды», - дейді А.Айдарбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, мұны былтырғы жылдың макроэкономикалық көрсеткішкерінің оң динамикасы айғақтап отыр.

«Баға мен сұраныстың төмендеуі мұнай саласына ыпал етпей қоймады. Облыстағы мұнай компаниялары техникалық және сервистік қызметтер шығынын оңтайландыруға мәжбүр болды. Баға мен конъюнктуралық қысымға байланысты кәсіпорындар инвестициялық бағдарламаларын кейінге қалдырып, өндіріс пен еңбек өнімділігін арттыруға күш салуда. Екінші жағынан, кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 454 млрд теңгені құрады», - деді облыс әкімі.

Жалпы алғанда, Маңғыстау облысында 2015 жылы мұнай мен газ өндірісінің жоспары орындалып, 18,5 млн тонна өнім өндірілген. 2015 жылы «Шағырлы-Шөмішті» жаңа газ кен орнының ашылуы табиғи газ өндірісін 1 млрд шаршы метрге ұлғайтуға мүмкіндік берді. Осылайша, өңірде газ өндірісінің жалпы көлемі 2,5 млрд текше метрге жетіп отыр.

 

Барлық жаңалықтар