ИИДМБ: ОҚО-да ауыл шаруашылығына қажетті қосалқы техникалар шығарылады

2 Ақпан, 2016 16:23
ОҚО-да ауыл шаруашылығына қажетті қосалқы техникалар шығарылады. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С.Тұяқбаевтың «Turhan Isıl Işlem Makinaları» түрік компаниясының құрылтайшысы Жезаир Турханмен кездесу барысында белгілі болды.

Облыс әкімдігі хабарлағандай, аталған компания жергілікті «Kaz Kioti» компаниясымен бірлесіп «Бадам» индустриалды аймағында еуропалық сападағы аспалы ауыл шаруашылық техникасын шығаруды жоспарлауда.

Атап айтсақ, Ордабасы ауданындағы трактор зауытының базасында машина-трактор агрегаттары, тұқымсепкіш, қопсытқыш, бүріккіш, суару машиналары, минералды тыңайтқыштарды шашқыш және өнімді жинау техникалары сынды қосалқы техникалар шығарылмақ.

 Бұл техникалар топырақты өңдеп, егіске күтім жасауға, жерді суаруға, сондай-ақ кейінгі егін өңдеу жұмыстарында пайдаланылатын болады. Айта кеткен жөн, аталмыш қосалқы техникалар бастапқыда құрастырылып, кейіннен өзімізде шығарыла бастамақ.

Жобаның құны 1,1 млрд теңге құрайды. Жыл соңына дейін жүзеге асырыла бастайтын жобада 30 адам жұмыспен қамтылып, оның басым бөлігі жергілікті тұрғындардан тартылмақ.

Барлық жаңалықтар