• Басты
  • 200 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2015» атағына ие болды

200 адам «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2015» атағына ие болды

1 Ақпан, 2016 15:47
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2015» иегерлерін марапаттау рәсімі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың қатысуымен өтті.

Республикалық конкурсқа бес жылдан кем емес үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі бар қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

«Тынымсыз еңбек пен жоғары шығармашылық, мамандыққа деген махаббаты шексіз мамандардың еңбегі «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы-2015» атағына ие болді. Байқауда «Үздік оқытушы»  атағына 61 білім ордасының 200 маманы ие болды. Оның 42 пайызы -  ғылым докторы, 53 пайызы – біздің профессорлар», - деді А.Сәрінжіпов.

Конкурс екі кезеңнен тұрды: жоғары оқу орны ішінде және республикалық. Жоғары оқу орны ішіндегі кезеңде Конкурсқа қатысушы үміткерлер әр жоғары оқу орнының ғылыми кеңестерімен іріктелді. Республикалық кезең барысында жеңімпаздарды ҚР БҒМ, басқа мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі заңды тұлғалар бірлестіктерінің, сонымен қатар жетекші ғалымдар мен мамандардың өкілдерінен тұратын Комиссия анықтады.

Жеңімпаздарды іріктеу өлшемдерінің арасында: оқу құралдары мен оқытудың инновациялық технологияларын әзірлеу, интерактивті режимде ашық сабақтарды өткізу, студенттердің ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстарына жетекшілік ету, «Оқытушы студенттер көзімен» тәуелсіз сауалнамасының нәтижелері есепке алынған оқыту сапасының деңгейі, ұйымдастыру және тәрбие жұмыстары, академиялық, ғылыми дәреженің немесе атақтың болуы, ғылыми зерттеулері мен жетістіктері, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау болды.

Аталған грант оқытушыларға Ұлыбританияның, Германияның, Францияның, Италияның, Испанияның, Бельгияның, Польшаның, Чехияның, Венгрияның, Швецияның, Австрияның, Болгарияның, Литваның, Латвияның жетекші университеттерінде шетелдік тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Конкурс нәтижесі бойынша грант иегерлеріне куәлік және тиісті қаржылық жылға республикалық бюджет туралы ҚР Заңымен белгіленген 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант төленеді. Республикалық бюджетте 2016 жылға «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2015» грантын төлеуге 848 млн. 400 мың теңге қарастырылған.

 

Барлық жаңалықтар