Қазақстан мен Германия заңсыз көші-қонмен күресуге мүдделі

1 Ақпан, 2016 13:43
Парламент Сенатының конституциялық заңнамасы, сот жүйесі мен құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Германия Федератевтик Республикасы арасында тұлғаларды қабылдау мен транзит келісімін ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Келісімге 2009 жылдың 10 желтоқсанында Берлинде қол қойылды. Екі елдің атынан Қазақстан мен Германия елдерінің сыртқы істер министрлері қол қойды. Келісім екі мемлекеттің аумағында кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ, визаның рұқсат мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады», - деді Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко.

Оның айтуынша, келісімді ратификациялау заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елдің аумағында заңсыз жүрген адамдарды халықаралық құқыққа сәйкес қабылдауды, сондай-ақ олардың транзитін жеңілдетеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан 12 елмен көші-қон туралы келісім орнатты. Оның ішінде Германия, Швейцария, Чехия, Латвия, Литва, Ресей, Өзбекстан, Норвегия, Беларусь, Мажарстан, Молдова және Бенилюкс бар.

«Тағы 13 келісім алыс және таяу шетел елдерімен бекітіледі. Оның ішінде Болгария, Греция, Канада, Кипр, Корей, Қырғызстан, Польша, Тәжікстан, Украина, Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Ирак елдерімен орнатылуда. Бұл үрдісті жеделдетуге үлес қосамыз, себебі осы үрдістер мемлекет үшін аса маңызды», - деді ол.

Заң жобасы жоғарғы палатаның кеңейтілген отырысында қарастырылады.

Анар Тәңірқұлова

Барлық жаңалықтар