​Қазақстан тұңғыш рет Каир халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысты

1 Ақпан, 2016 20:41
2016 жылдың 27 қаңтары күні Каир қаласында 47-ші халықаралық кітап жәрмеңкесі ашылды. Қазақстан аталмыш шараға алғаш рет қатысып отыр, деп хабарлайды СІМ.

ҚР-ның Мысырдағы елшілігінің ұйымдастыруымен қазақстандық кітап сөрелеріне еліміздің тарихы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Астанамыздың құрылу мен дамуының хронологиясы және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесы туралы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдеріндегі кітаптар қойылды.

Отандық кітап сөресін МАР Премьер-министрі Исмаил Шериф, МАР мәдениет министрі Хельми Аль-Намнам тамашалады. Мысыр Министрлер кабинетінің басшысына Ілияс Есенберлиннің алғаш рет араб тілінде жарық көрген «Көшпенділер» кітабының 1 томы сыйға тартылды.

Сонымен қатар, қазақстандық кітаптармен Каирге ресми іссапармен келген РФ Мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин де танысты. Нарышкин мәдениетаралық, дінаралық бейбітшілікті сақтауға Қазақстан мен Н.Ә.Назарбаев зор үлес қосып отырғанын айтты.

Шараға 40 елден келген делегаттар, Мысыр министрліктері мен мемлекеттік мекемелерінің, Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымы (ИСЕСКО), ЮНЕСКО, елшіліктер және жоғары оқу орындарының өкілдері мен БАҚ қатысты.

 

Барлық жаңалықтар