Парламенті Сенатының Төрағасы Филиппо Ломбардимен кездесті

12 Қараша, 2013 17:18
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Швейцария Конфедерациясы Кантондар Кеңесінің Президенті Филиппо Ломбардимен келіссөз жүргізді. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

«Қ.Тоқаев Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі ретінде Швейцарияның рөлін атап өтті. Екі ел де қазіргі замандағы жаһандық мәселелерге көзқарастары ұқсас және көптарапты құрылымдар аясында өзара табысты іс-қимылды жүзеге асырып келеді»,-деп жазылған хабарламада.

Кездесу барысында тараптар парламентаралық өзара ынтымақ мәселелеріне ерекше назар аударды. Қараша айының соңында Бернде «Швейцария-Қазақстан» парламентаралық тобының алғашқы отырысы болады. Қ.Тоқаевтың пікірінше, «жасыл экономика», жаңартылатын энергетика, сыбайлас жемқорлықпен, трансұлттық қылмыстармен күрес, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң шығаруда топтың қызметі тәжірибе алмасуға ықпал ететін болады.

«Екі елдің экономикалық ынтымақтастығын нығайтуда, жүздесушілердің пікірінше, Қазақстан-Швейцария Іскерлер Кеңесі мен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Швейцария үкіметаралық комиссияның маңызды орны бар. 2012 жылы Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда көлемі 5,2 миллиард долларды құрады»,-делінген хабарламада.

Сол күні Ф.Ломбарди Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары алдында сөз сөйледі. Мәртебелі мейман Астананың даму қарқыны жөніндегі әсерлерімен бөлісе отырып, оны «Дала Манхэттені» деп атады. «Елордаларды көшіру тарихындағы осындай саяси, әлеуметтік және экономикалық орнықты әрі зор табыстарды қамтамасыз етуге қол жеткізгені некен-саяқ... Мен осындай тамаша жобаны жүзеге асыру үшін дана әрі саяси шешім қабылдау қажет болғанын аңғарып отырмын. Бүгінгі Астана сіздердің елдеріңіздің кейінгі жиырма жылдағы тәуелсіз мемлекет ретінде жедел дамуын паш етеді», - деді Кантондар Кеңесінің Президенті.

Ф.Ломбарди Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі арта түскенін атап өтіп, елдің аймақтық және әлемдік деңгейде қуатты әрі сенімді әріптес екенін жеткізді. «Елдердің арасына көпір салудағы Астана өзінің әлеуетімен Швейцарияның халықаралық аренадағы рөлін көрсететін Женевамен ұқсастығы бар», - деді ол.

ЕҚЫҰ-ның 2014 жылғы Төрағасы ретінде Швейцария осы ұйымға төрағалық етуде қазақстандық тәжірибені пайдалануға ниеттеніп отыр. Төрағаның пікірінше, бұл көптеген қатерлермен бетпе-бет қалып отырған еуразиялық мәселелер тұрғысында аса маңызды.

Сонымен қатар, мейман Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуіне қолдау білдірді. «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдай отырып, сіздердің елдеріңіз экономикалық тұрғыда алдыңғы қатардағы елге айналу жолындағы эволюцияның құрамдас бөлігі болып табылатын қатерлер мен жауапкершілікті ұғынатынын көрсетіп отыр», - деп атап өтті Ф.Ломбарди.

Барлық жаңалықтар