Астанада «Қазақ күресі: өткені, бүгіні мен ертеңі» атты конференция өтеді

12 Қараша, 2013 17:12
Ертең Астанада «Қазақ күресі: өткені, бүгіні мен ертеңі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, деп хабарлайды ҚР Дене шынықтыру және спорт агенттігінің баспасөз қызметі.

«Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы барысында қазақ күресінің спорттық жабдықталуы, төрешілік пен ұлттық күрестің ережелері мәселесі бойынша шешімдер қабылданып, қорытынды ұсыныстар айтылады, сонымен қатар, палуандардың шеберлігін арттыру, дайындалушы және жарысқа қатысушы спортшылардың кәсібилігін арттыру мәселелері талқыланады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, қазақ күресінің тарихы, дамуы мен қалыптасу мәселелері қарастырылмақ.

Шараға қазақ күресінің зерттеуші ғалымдары, тарихшылар, этногрофтар, өзге елдердегі қазақ күресі федерациясы өкілдері, бапкерлер мен әдіскерлер, қазақ күресінің ардагерлері қатыспақ.

Конференция аясында қазақ кұресінің дамуына ат салысқан азаматтарды марапаттау рәсімі мен «Қазақ күресінің жанашыры» меценаттар клубы ашылып, Әділ Күрес Жоғарғы Хартиясын салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтеді.

 

 

Барлық жаңалықтар