• Басты
  • Жаңалықтар
  • Сапалы медицина қызметі медицина қызметкерлерінің біліктілігіне байланысты –Е.Байжүнісов

Сапалы медицина қызметі медицина қызметкерлерінің біліктілігіне байланысты –Е.Байжүнісов

12 Қараша, 2013 15:45
Сапалы медицина қызметі медицина қызметкерлерінің біліктілігіне байланысты, деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов ОКҚ брифингінде.

«Қазіргі таңда елімізде 5855 дәрігердің тапшылығы байқалады. Бұл ресми түрде, осы саладағы мамандар жетіспеушілігінің көрсеткіші. Ал осылардың 3486-сы алғашқы медицина-санитарлық көмек мамандарының жетіспеушілік көрсеткіші, яғни емхана қызметкерлері, әсіресе ауылдық жерлердегі медицина мамандары тапшы деген сөз», - деді Ерік Байжүнісов.

Вице-министрдің айтуынша, аталмыш жетіспеушілік жылдан жылға азайып бара жатыр. Сонымен қатар, ол соңғы жылдары медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында жасалған шараларға да тоқтала кетті.

«Қазіргі таңда медициналық ЖОО-да мемлекеттік грантпен оқитын студенттер саны айтарлықтай көбейтілді. Атап  айтсақ, жалпы студенттердің  70 пайызы тегін білім алса, 30 пайызы ғана өз қаражаттарына мамандық игереді.

«Жасыратыны жоқ, 5-6 жыл бұрын бұл көрсеткіш 50-50 еді. Ал қазір 5000 студент мемлекеттің грантымен білім алуда, бұл 5000 білікті дәрігер ел ертеңіне қызмет етуге дайындалып жатыр деген сөз», - деді вице-министр.

Вице-министр заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерді де атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік грантпен білім алатын студенттер үш жыл бойы ауылдық жерде жұмыс етуі міндеттеледі. Аталмыш толқынның бірінші тобы 2019 жылы еңбекке араласады.

«2007 жылы біз өзгерістер енгіздік. Ауылдық жеоден мектеп бітірген балаларға 30 пайыздық жеңілдік қарастырдық. Есесіне олар ЖОО бітіргеннен кейін ауылдық жердегі ауруханаларда еңбек етпек. Аталмыш студенттердің бірінші толқыны 2014 жылы ЖОО тәмамдайды, олардың саны 638», - деді Е.Байжүнісов.

Барлық жаңалықтар