• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мысыр Ауыл шаруашылығы министрі АҚИҰ Бас Ассамблеясының құрылтай сессиясына қатысуын қуаттады

Мысыр Ауыл шаруашылығы министрі АҚИҰ Бас Ассамблеясының құрылтай сессиясына қатысуын қуаттады

18 Қаңтар, 2016 20:26
Каирде Қазақстан Елшісі Берік Арынның Мысыр Араб Республикасының Ауыл шаруашылығы және тың жерлерді игеру министрі Иссам Файедпен кездесуі болып өтті, деп хабарлады ҚР СІМ.

Оның барысында Елші И. Файедке ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) төрағасы Иад Маданидің 2016 жылғы 26-28 сәуір аралығында Астанада өтетін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ) Бас Ассамблеясының құрылтай сессиясы мен ИЫҰ Ауыл шаруашылығы министрлерінің 7-ші конференциясына қатысу үшін жолдаған бірлескен шақыру хатын табыс етті.

Елші Министрді АҚИҰ-ның тұжырымдамасымен, мақсат пен міндеттерімен, оған қосылу үдерістерімен және Астанада жоспарланған шаралардың күн тәртібімен таныстырды. Бұған қоса, еліміздің маңызды ішкі саяси және экономикалық оқиғалары, соның ішінде институционалдық реформаларын жүзеге асыруға бағытталған Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауы мен «100 нақты қадам» жөнінде оған ақпарат берілді.

И. Файед аталған шақыруды ризашылықпен қабылдап, алдағы іс-шараларға қатысатындығын және Мысырдың АҚИҰ-на қосылатындығын қуаттады.  Ол әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге бағытталған осындай маңызды ұйымды құру туралы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасына жоғары баға берді.  

Сонымен қатар, тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолдары бойынша пікір алмасты.

 

Барлық жаңалықтар