• Басты
  • Жаңалықтар
  • Алматыда адамдардың өмір сүру ұзақтығы европалық қалалардың деңгейіне жақындады – әкім

Алматыда адамдардың өмір сүру ұзақтығы европалық қалалардың деңгейіне жақындады – әкім

12 Қаңтар, 2016 19:21
Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбектің төрағалық етуімен медицина қоғамдастығының жалпықалалық жиыны өтті, деп хабарлады қала әкімдігі.

Оның барысында Б.Байбек қалада адамның өмір сүру ұзақтығы жөнінде оң болжам байқалатындығын, соңғы бес жыл ішінде өмір сүрудің 4 жылға ұзарғанын, оның 75 жасқа жеткендігін, сөйтіп қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы Будапешт, Варшава, Мәскеу сынды европалық қалалар тұрғындарының деңгейіне жақындағанын айтты.

«Қалада азаматтар денсаулығының жақсара түскендігі байқалады. Алматылықтар арасында қан жүйесі, обыр сияқты дерттен көз жұмғандар қатары азайған, балалар мен аналар өлімі төмендеген», - деді Б.Байбек.

Әкім мегаполистің бүгінгі күні денсаулық сақтау жүйесінің жаңа сапалы кезеңіне аяқ басқандығын да жеткізді.

«2016 жылдың басталуымен біз «Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасы мен Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі даму Бағдарламасын жүзеге асыруды бастаймыз. Аталған стратегиялық құжаттарды дайындауға барлықтарыңыз белсене қатыстыңыздар, сондықтан бұл маңызды міндеттерід орындауға тиіссіздер», - деді қала басшысы.

Қаланың денсаулық жүйесінде 87 қалалық, 35 республикалық, 9 ведомстволық медициналық мекемелер, 920 жеке медициналық орталықтар, 700 дәріхана бар.

Жиын барысында қала әкімі көпшілікке Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Валихан Ахметовті таныстырды, бүған дейін бұл қызметті Жанат Касымжанова атқарған болатын.

 

 

Барлық жаңалықтар