Бестөбеде жоғары сапалы барит концентратын шығаратын кешен ашылады

11 Қаңтар, 2016 19:13
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде ««Бестөбе» кеніші базасында жоғары сапалы барит концентратын шығаратын кешенді жүзеге асыру мәселесі талқыланды, деп хабарлады ҚР ИДМ баспасөз-қызметі.

Бұл жоба мұнай-газ саласы үшін қызмет көрсетуде үздік көшбасшы Halliburton» компаниясымен бірлесе қолға алынады. Кешеннің құрылысы 2015 жылы Қарағанды облысының Қаражал қаласында қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен басталды.

Жобаның жалпы құны 4 млрд. 500 млн. теңге. Қуаты жылына 200 мың тонна болатын кешенде 100-ден аса жұмыс орны құрылады. Технологиялық жобалау жұмыстары АҚШ-та Қарағанды аймағындағы кеніштің ерекшелігін ескере отырып әзірленуде.

Өндірілген барит өнімінің 70%  6 елге – негізінен Әзірбайжан, Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан және Норвегия мен Данияның мұнай-газ кәсіпорындарына экспортталады. Қалған бөлігі ішкі нарықтағы Halliburton, Karachaganak Petroleum Operating B.V., ТШО,  CNPC және басқа да кәсіпорындарға бағытталады. Жоба 2018 жылы толық қуатында жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

Барлық жаңалықтар