• Басты
  • Әскери қызметшілерге арналған жаңа зейнетақы заңнамасы бірқатар өзгешеліктерден тұрады

Әскери қызметшілерге арналған жаңа зейнетақы заңнамасы бірқатар өзгешеліктерден тұрады

8 Қаңтар, 2016 17:42
Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы күштік құрылымдарының қызметкерлерін 2016 жылы толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға көшіреді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанның зейнетақы заңнамасындағы өзгерістердің қазіргі әскери қызметшілерге, толық емес көлемде зейнетақы алып жүргендер мен 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін қызметке алғаш рет орналасқандар және 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетақы алуға құқылы жұмыстан босатылғандарға қатысы бар.

ҚР ҚМ Зейнетақымен қамсыздандыру орталығы өз тарапынан әскери қызметте шекті жасқа жету, денсаулық жағдайы немесе ұйымдық-штаттық іс-шаралар бойынша зейнетке шыққан кезде еңбек өтілі 25 жылдан астам немесе жалпы еңбек өтілі 25 жыл және одан да көп, оның ішінде 12 жыл 6 айы үздіксіз әскери қызметі бар әскери қызметшілер ғана  зейнетақы алуға құқылы екенін ескертеді. Басқа жағдайда әскери қызметші еңбек өтілі үшін зейнетақы ала алмайды.

Зейнеткерлікке шыққанға дейін ҚР Қарулы Күштерінен жұмыстан босатылу кезінде бұрынғы әскери қызметші шекті жасқа жеткенде азаматтық тұлға ретінде заңға сәйкес жалпы негіздемеде базалық зейнетақы ала алады.  Мәселен, әскери қызметші ҚР ҚК-нен еңбек өтілі 25 жылдан астам бола тұра, оның ішінде үздіксіз әскери қызметі 12 жарым жыл болған жағдайда денсаулық жағдайы бойынша зейнеткерлікке ерте шықса оның жөні бөлек.  

Қызмет өткеру кезінде әскери қызметшінің жинақтаған зейнетақы жарналарына қатысты ҚР ҚМ Зейнетақымен қамсыздандыру орталығында осы қаржыны адам өз шотынан шекті жасқа жету бойынша зейнетке шыққан кезде немесе тұрақты тұратын жерін ауыстыру кезінде алуға құқылы деп түсіндірді. 

 

Барлық жаңалықтар