ОҚО-ның Созақ ауданында 50 тұрғын үйдің құрылысы басталды – әкімдік

5 Қаңтар, 2016 13:02
ОҚО-ның Созақ ауданында 280 орындық балабақша, 50 тұрғын үй салынып жатыр, деп хабарлады ОҚО әкімдігі.

2015 жыл Созақ ауданы үшін жағымды жаңалықтармен есте қалды. Жаңадан тағайындалған аудан әкімі М. Исаев аз уақыт ішінде бірқатар жұмыстардың бастамашысы болды. Теріскейде биыл коммуналды саланың бірқатар мәселелері шешімін тапты. Мәселен, Түркістан-Кентау бағытынан Шымкент-Алматы бағытына салынып жатқан 4,3 шақырымдық айналма жолдың 3,6 шақырымы бітіп, аудан орталығы Шолаққорғанда 4 көше жаңадан асфальтталып, 7 көше орташа жөндеуден (тас төселді) өтті.

Мұнан бөлек, аудандағы 57 гектар жерге инфрақұрылым жұмыстары жасалды. Аудан басшысы газ тарту жұмыстарына баса мән беріп келеді. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде ауданға тартылатын магистралді газ құбырының жобалау сметалық құжатына 78 млн. теңге бөлінді.

2018 жылдан бастап созақтықтар көгілдір отынмен қамтыла бастайды. Өтіп бара жатқан жылы Созақ ауданында бірқатар құрылыс жұмыстары жүріп, 4 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға берілсе, бүгінде Аққолтық, Абай, Раң елді мекендерінде мектеп құрылыстары мен Шолаққорған ауылында 280 орындық балабақша, 50 тұрғын үй салынып жатыр.

Ауданда суармалы жер көлемін ұлғайту мақсатында «Біресек» су қоймасының құрылыс жұмыстары басталып, облыстық бюджеттен бөлінген 404,4 млн. теңгенің 189,5 млн. теңге қаржысы игерілді. Қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан су қоймасы келер жылдың аяғында іске қосылса, Созақтағы суармалы жер көлемі 1000 гектарға артып, 300 гектарына көкөніс, бақша дақылдары мен картоп, 700 гектарға мал азығы дақылдары егіледі деп күтілуде.

 

 

Барлық жаңалықтар