Үрімшіде қазақстандық әртістердің концерті өтті

8 Қараша, 2013 14:30
ҚХР-дағы Қазақстан Республикасының мәдениет күндері аясында Үрімшіде қазақстандық өнер шеберлері мен эстрада әртістерінің гала-концерті өтті, деп хабарлайды «BNews.kz» ақпараттық агенттігі.

«Концертті  Құрманғазы атындағы Халық аспаптары мемлекеттік академиялық оркестрі ашты, кейін операның еңбек сіңірген әртістері классика мәдениет ұсынып, Бекболат Тілеуханов халық әндерін орындады. Артынша Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева мен «Орда» тобы өз өнерлерін паш етті», - делінген хабарламада.

«Біз өз өнерімізбен Үрімші халқының көңілінен шыға алдық деп ойлаймын. Әртістеріміз – Майра Мұзамедқызы, Бекболат Тілеухан, Роза Рымбаева мен жас таланттар жоғары дәрежеде орындаушылық шеберліктерін көрсетті. 2,5 сағат бойы жергілікті тұрғындарға өнерлерімен қызмет көрсеткендері үшін өз алғысымды білдіремін. Қытайдағы Қазақстанның Мәдениет күндері секілді ауқымды шаралар өте үлкен маңызға ие», - деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев журналистерге берген сұхбатында.

Дәстүрлі әннің орындаушысы Бекболат Тілеуханов болса, Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты өте жоғары дәрежеде бағалады.

«Біздің шығыстағы көршімізбен достық қатынаста болғанымыз өте дұрыс. Мәдениеті мен тарихы, мемлекеттік қалыптасу жолы өте тереңде жатқан мұндай елдің Қазақстан секілді енді ғана аяққа тұрып келе жатқан жас елге беррі мол. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап біз Қытаймен бейбіт қатынаста болдық. Осыдан 11 жыл бұрын, 2002 жылы Пекин мен Шанхайда Қазақстанның Мәдениет күндері өткен еді. Қытай әртістері де елімізге келген болатын. Ал бүгінгі шара соның жалғасы», - деді Бекболат Тілеухан.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық, саяси байланыстар тереңде жатқан мәдени байланыстан тамыр алады.

«Үрімші халқының негізгі бөлігі өзіміздің қазақтар. Пекинде де көптеген қазақ жастары мен қазақ интеллигенциясы бар. Олардың қазақ мәдениеті мен өнеріне қаншалықты мін беретінін көрдіңіздер ме?», - деп түйіндеді ол.

Өз кезегінде Роза Рымбаева: «Біздің ондағы барған мақсатымыз қазақтың өнері мен дәстүрін таныстыру. Мені Үрімші халқы өте жақсы біледі. «Орда» тобы да бұл аймақта кеңінен танымал. Сол себепті бізді шараның бағдарламасына енгізіп отыр. Біз осы сапарымызға өте ризамыз. Концертті де өте жоғарны дәрежеде өтті деп ойлаймын. Халық бізді жылы қарсы алды. Мұндай шаралар бізді жақындастыра түседі»,- деді.

Шанхайда өтетін «Астана Балет» хореографиялық труппасының концерті Қытайдағы Қазақстан Мәдениет күндерінің нүктесін қояды.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар