Қазақстандағы апаттық жағдайдағы мектептердің саны қысқарды

8 Қараша, 2013 13:45
2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім беру саласын дамыту Мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асыру мәселесі бүгін Астанада Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында қаралды. Бұл жайлы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Жиынға министрліктер жетекшілері, облыс және Астана мен Алматы қалалары  әкімдерінің орынбасарлары, Премьер-Министрдің әлеуметтік-экономикалық және өңірлік Канцелярия даму бөлімдерінің меңгерушілері қатысып, Мемлекеттік бағдарламаның алдын ала қорытындысын талқылап: биылғы жыл жұмысының нәтижесі және орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан ерекше маңыз берілуді қажет ететін күрделі бағыттарды қарады», - делінген хабарламада.

Білім және ғылым министрлігнің   ақпаратына  сүйенсек, мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысында мектепке дейінгі балалардың мектепке  дейінгі  білім берумен қамтамасыз етілуі 16,5%-ға өскен. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен ең көп қамтамасыз етілген өңірлердің қатарында Қостанай облысы (100%), Қарағанды облысы (97,8%), Павлодар облысы (95,6%), Батыс Қазақстан облысы (95,3%) бар.

«Бұдан бөлек апаттық жағдайдағы мектептердің саны 60-қа қысқартылды. Ал мектеп тапшылығы 26 305 орынға азайды. Апаттық жағдайдағы білім беру ордаларын жабу жұмыстарын Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары белсенді жүргізген.

Сонымен қатар,  жиында мектептердің  үш ауысымымен оқытылу мәселесі  де назардан тыс қалмады. Республика бойынша аталмыш қиындықтар Алматы (51 мектеп), Ақтөбе (6) облыстары мен Астана (5) қаласында шешімін таппай отыр», - деп нақтыланған хабарламада. 

Жиында педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін реформалау мәселесі де ортаға салынды. Тиісті министрліктің хабарлауынша, «Өрлеу» біліктілік көтерудің  Ұлттық орталығы» АҚ мен «НИМ» БАҰ  Педагогтық шеберлік орталықтарының жаңа құүрылымы құрылды. Біліктілік сынағын тапсырған және 3-ші дәрежелік жүйе бойынша біліктіліктерін арттырған ұстаздарға қосымша қаражат төленген. 

Шараның қорытындысы бойынша, Үкімет басшысының орынбасары Мемлекеттік бағдарламаны сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 

 

Барлық жаңалықтар