30 жыл: Жаһандық бастамалардың халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесі

9 Қараша, 2021 13:15

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өзінің дамуында елеулі табыстарға қол жеткізді. Өзінің бітімгершілік қызметі мен өңірлік қауіпсіздікті нығайту жөніндегі жаһандық бастамаларының арқасында ел елеулі саяси күш пен халықаралық беделге ие болды. Осы орайда, ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде әлемдік қауіпсіздікке үлес қосқан жаһандық бастамаларға шолу жасауды жөн көрдік. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Семей полигонының жабылуы

Қазақ елінің жаңа тәуелсіз дәуірге алғашқы қадамының өзі дүниежүзілік бастамадан басталды. Қазақстан ядролық қару сынақтарынан әбден жапа шеккен мемлекет. Өткен ғасырда 40 жыл бойы Семей өңірі толассыз ядролық сынақтың ордасына айналды. ХХ ғасырдағы 80 жылдардың соңында «Невада-Семей» қозғалысы қарқынды қызмет етіп, ядролық қару-жарақ сынағын тоқтату туралы үндеу жасады. КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылғы 29 тамызда әлемдегі аса ірі ядролық сынақ алаңы – Семей полигоны біржола жабылды. Бұл әлемнің әр түкпіріндегі басқа да сынақ алаңдарының тегіс жабылуына түрткі болды. Осылайша, адамзатты заманақырға бастаған қару-жарақ жарысына нүкте қойылды.

Осы полигонда 1949 жыл мен 1989 жыл аралығында жердің үсті мен астында жалпы саны 468 ядролық сынақ жасалғанын, тек 1963 жылға дейін жасалған ядролық сынақтың күші 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2500 есе күшті болғанын ескерсек, Семей ядролық сынақ полигонының қандай ауқымды әрі зиянды болғанын көзге елестетуге болады.

Қазақстан бейбітсүйгіштік индексі бойынша әлемнің 163 мемлекетінің ішінде 64-орында, ал ТМД елдерінің арасында бірінші орында тұр. Сондай-ақ ядролық қарудан азат ел болуға деген ұмтылыс қазақстандықтардың жалпыұлттық сана-сезімінде маңызды компонентке айналды. Елбасының Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімінен кейін Семей халқының денсаулығы мен әлеуметтік жағдайы қалыпқа түсті. Бұған дейінгі Семей сынақтарында бейкүнә адам 100-250 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған, 1963 жылдардағы аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халық 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған. Полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткен. Оның 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде болған. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы жемісті бастамаларының бірі Тәуелсіз мемлекеттер достастығын (ТМД) құру деуге болады. Көп адам мұның саяси салмағын бағамдай бермейді. 1990-1991 жылдары Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, бұрын одақтас саналып келген елдер біртіндеп тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекетке айнала бастады. Жетпіс жылға жуық экономикасы, мәдениеті, саяси өмірі, коммуникациясы т.б. маңызды салалары өзара тығыз байланысты болған елдердің жеке-жеке елге айналуы алдағы уақыттағы қарым-қатынастарына, дамуына едәуір кедергілер келтіріп, қақтығыс қаупін туғызған болатын.

1991 жылғы 8 желтоқсанда Белоруссияның Беловеж орманында Ресей атынан Борис Ельцин, Белорусь атынан Станислав Шушкевич Украина атынан Леонид Кравчук Кеңес Одағын құрған елдердің өкілдері ретінде КСРО-ның ыдырағаны және тәуелсіз елдердің жаңа одағы құрылғаны туралы келісімшартқа қол қойды. Осы басқосудан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен КСРО құрамында болған барлық ел басшылары 1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыға жиналып, толыққанды ТМД ұйымын құру туралы декларацияға қол қойды.

Түркі тектес елдердің интеграциясы

Қазақстан түркі халқының тарихи қарашаңырағы саналады. Бұл ретте, Қазақстанның түркі тектес елдердің басын қосатын маңызды бастамалардың ұйытқысы да болуда. Бұған еліміз бастамашы саналатын немесе белсенді ұйымдастырушы болған Түркі кеңесі, Халықаралық түркі академиясы, Түрксой, ТүркПА, Түрік мәдениеті мен мирасы қоры сияқты халықаралық құрылымдарды мысал ретінде атап өтуге болады. Аталған ұйымдардың бәрінде дерлік Қазақстан белсенді орны бар. Сондай-ақ, «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу, Халықаралық Түркі академиясының аясында ортақ түркі тарихы оқулығын әзірлеп, оқыту, ортақ ғылыми-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру, мәдени-тарихи салаларда ынтымақтастықты нығайту, Түркі әлемі ақсақалдар кеңесін құру, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті аясында білім беру саласындағы ықпалдастықты арттыру сынды бастамалар түркі әлемінің интеграциясын, өткенді түгендеп, келешекке байыппен қадам басуды мақсат етеді. Қазақстанның маңызды интеграциялық бастамалары, осы жолда атқарған белсенді қызметі ескеріліп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі әлемінің құрметті ақсақалы» мәртебелі атағы берілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы

1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын көтерген болатын. Араға үш салып, нақты айтқанда, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы жарық көрді. Сол уақыттан бері Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізетін беделді органға айналып үлгерді. Сонымен қатар ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетіп келеді. Еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің ортақ құрылымы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттар мен ұлыстардың алтын діңгегіне айналды. Ширек ғасыр ішінде азаматтық қоғамның іргелі институтына айналған орган бүгінде ел дамуында басымдық берілген түрлі бағыттар бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Қазақстандық этносаралық толеранттылықтың осынау үлгісі ЕҚЫҰ мемлекеттерінің тіліне аударылып, Қазақстанның барлық елшіліктеріне таратылған. Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев құрған этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі ел брендіне айналып отыр.

«Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарлары

1997 жылы Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарын қазақ халқына жолдаған еді. Ондағы басым бағыттар: экономикалық дағдарыстан шығу жолдары, реформаларды аяқтау, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу, «Қазақстан барысын» қалыптастыру.

ҚР Тәуелсіздігіне 21 жыл толуына орай ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Сол кезде ол «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарының орындалуына тоқталып, «Қазақстан-2050» стратегиясы «Қазақстан-2030» стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы әрі жалғасы екенін айтты.

Біздің алдымызда Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып дамыту міндеті тұрды. Біз жоспарлағаннан да асыра орындадық. Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі.

Қазақстанның бітімгершілік қызметі

Қазақстан халықаралық деңгейдегі кейбір дау-дамайларды шешуге қатысты ұсыныстарымен де, ел астанасын диалог алаңы ретінде ұсынуымен де ерекшеленеді. Мәселен, 2015 жылы Сирияның Түркиямен шекаралас аумағында ұшып жүрген Ресейдің СУ-24 әскери ұшағын Түркия әскерилері атып түсіргеннен кейін екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлап кеткені белгілі. Осы мәселені реттеуде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мемлекет басшысымен жеке-жеке сөйлесіп, Режеп Ердоған және Владимир Путинді өзара татуластыру жолында атқарған еңбегі үлкен маңызға ие. Мұны кейіннен аталған екі ел президенттері де атап өткен болатын.

Сонымен қатар, Қазақстанның Иранның ядролық саясатына, Сирия мәселесіне байланысты келіссөздерге диалог алаңы болғанын да атап өту орынды. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты кездесулер сериясы Алматы қаласында өтсе, Сирияға қатысты келіссөздер Елордада өтті. Бұл кездесулер проблеманы толық шешпесе де тараптардың уақытша өзара консенсусқа келуіне, кейбір проблемалық мәселелердің түйінін тарқатуға мүмкіндік берді.

Тәуелсіз Қазақстанның ең көлемді жобасы ЭКСПО-2017 көрме кешені

2017 жылғы 9 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында баламалы энергия көздері мен «жасыл» технологияларға арналған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрме 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін өтті.

Айтулы оқиға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бірегей бастамасы. 2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясының 151-ші отырысында Астананың ресми таныстырылымы болып өтті. Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Президентінің арнайы бейнеүндеуі жолданды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Нұр-Сұлтан жеңіп шыққан жағдайда, жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін барынша күш-жігерін жұмсайтынына кепілдік берді. Ал сол жылдың 22 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласы жасырын дауыс беру арқылы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу орны ретінде таңдалды. Халықаралық көрмелер бюросы мүшелері - 161 мемлекеттің 103-і Қазақстанның өтінімін қолдады.

«ЕХРО-2017. Болашақтың энергиясы» көрмесі ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны тартуға, сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін береді деген болжам толық ақталды.

Қазақстандағы энергия саясаты энергияны үнемдеуге және тиімді жұмсауға бағытталған. Энергия үнемдейтін технологияларды енгізу энергия қауіпсіздігін сақтаудың негізгі шартына айналды. «ЭКСПО-2017» жобасының тиімділігін сапа бағасы мен қоғамдық-саяси маңызы растай түсті. Отандық компанияларды қолдаудың арқасында ішкі саясат жақсарып, жұмыс орындары кеңейді, халықты ағарту жұмысы гүлденіп, туризм саласы мен халықаралық алаңдағы мемлекет беделі артты. Бұл жетістіктер Елбасының көрегендігі мен парасаттылығын тағы бір дәйектеді.

Барлық жаңалықтар