• Басты
  • 30 жыл: Елордада «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен кездесу өтті

30 жыл: Елордада «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен кездесу өтті

4 Наурыз, 2021 18:14

Бүгін Елбасы кітапханасы мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бірлесіп, «Болашақ» президенттік стипендиясының білікті 30 түлегі» интерактив кездесуін өткізді. Жиын Елбасы кітапханасының «Ұлы дала тарландары» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

8 наурыз мерекесі қарсаңында «Болашақ» бағдарламасы арқылы білімін жетілдіріп, түрлі секторда қызмет атқарып жүрген әйелдер қауымымен ауқымды кездесу өтті. Салтанатты жиында түлектер өзінің тәжірибесі жайында баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Шараның алғашқы кезеңінде жиынға қатысқандар елбасы кітапханасының музейін аралады.

Конференция алғысөзі Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболаттың сөзімен басталды. Ол тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай халықаралық әйелдер күні қарсаңында елбасының кітапханасы Халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесіп, «Болашақ» бағдарламасының табысты ару түлектерінің бастарын қосып отырғанын атап өтіп, мерекемен құттықтады.


«Болашақ бағдарламасының 30 табысты ару түлегінің басын қосып шақырып отырмыз. Барша әйелдер қауымын бұл мерекемен шын жүректен құттықтаймын», - деді Бақытжан Темірболат.

Бұдан бөлек, шараға қатысқан ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жиынның маңызына тоқталды. Ол қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасының түлектері еліміздің экономикасына, әлеуметтік саласына, ғылымына, біліміне өз еңбегін сіңіріп жүргендерін қуанышпен жеткізді. Министрдің мәліметінше, осы жылдардың ішінде жалпы 14 мың қазақстандық осы бағдарламаның степендиаты атанған. Қазіргі уақытта бағдарламаның 11 мың түлегі ел экономикасын дамытуға үлесін қосып жүр. Солардың 5754-і – әйелдер.

«Егемендігіміздің 30 жылдық мерейтойының шеңберінде бірнеше іс-шараларды өткізіп отырмыз. Елбасының ең тиімді шешімдерінің бірі - «Болашақ бағдарламасы». Аталмыш бағдарлама бойынша шетелде білім алып, еліне қызмет етіп жүргендер саны аз емес. Соның бірі – бағдарлама түлегі, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликованы атап өтуге болады. Аз уақыттың ішінде университет адам танымастай өзгеріп кетті. Күнде жаңа әрі тың жобалар мен үлкен өзгерістер, жаңа білім бағдарламалары жүзеге асырылуда. Біздің нағыз экономикамызды, білімімізді алға жылжытуда үлкен үлесін тигізуде», -деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, ведомство басшысы аталған бағдарламаның 790 стипендиаты медицина саласында жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, олардың әрқайсысы жылына 400-ге жуық операция жасайды. Білім және ғылым министрлігінің статитистикасына сәйкес, жас мамандар 213 мың адамның өмірін құтқарған. Бүгінде бұл бағдарлама нақты нәтиже көрсетіп, ел дамуына зор үлес қосуда.


«Сондай-ақ, Лаура Қарабасова жалпы осы білім саласында үлкен ғылыми еңбектерді іске асырып жатыр. Біз осы 3 тілділік саясатын жүргізген кезде мектептерде жүзеге асыру қызметі бойынша ғылыми еңбегі шықты. Соны қарап, біз өзіміздің саясатымызға да біраз өзгерістер еңгіздік. Ал, Айнұр Кәрібозова ханым осы «Болашақ» бағдарламасын басқарып бір жылдың ішінде үлкен өзгерістер әкелді. Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы жаңа талаптарға сәйкес өзеруде. Жаңа реформаларды іске асырып жатыр, соның ішінде ашықтық бойынша, тікелей қарым-қатынас бойынша жүргізіліп жатқан өзгерістердің бәрі біздің «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің еліміздің дамуына қосқан нағыз үлесі», - деп толықтырды Асхат Аймағамбетов.

Жиынға қатысқан «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозованың сөзінше, «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде әлемнің озық жоғары оқу орындарында білім алып, еліміздің игілігі үшін қызмет қылып жүрген қыздардың үлесі көп. Сондай-ақ, ол олардың жетістік тарихын қоғамға жеткізудің маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, бағдарлама президенті ең мықты қыздарды сөйлету арқылы олардың жетістік тарихын қоғамға жеткізу «Болашақ» бағдарламасының арқасында іске асып отырғанын айтты.

«Ең алдымен, елбасының адами капиталды дамыту бағытында ең сәтті стартапты паш етіп, барлық қарапайым отбасыдан шыққан қазақстандықтардың білім алуына мүмкіндік беріп, олардың елге оралып, сол білімі мен тәжірибесін халқымыздың игілігіне жаратып жатыр. Бұның олар үшін әлеуметтік лифт болғанын мойындаймын», - деді Айнұр Кәрібозова.


Сондай-ақ, жиынға қатысқан «Болашақ» бағдарламасының түлегі Гүлзада Шакуликованың айтуынша, әйел адам ана ретінде, үйдің ұйытқысы ретінде өмір бойы өзін-өзі дамытуға және жетілдіруге ұмтылуға тиіс. Сондықтан да, ол әрқашан білім алу мүмкіндігін пайдаланып қалуға тырысатынын жеткізді.

«Өз тәжірибемнен білетінім, ғылыми және тағы да басқа байқауларда көптеген жобаны, әдетте, әйелдер ұсынады. Сонда комиссия «Үш баласы бар ана әрі профессорға әрі қарай білім алып не керегі бар?» деп сұраған кезде, мен әйел адам үнемі білім алып, өз қорын байытуы керек екенін айттым. Себебі, бірінші кезекте әйел адам болашақ ұрпақты тәрбиелейді», - деді С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова.

Бұдан бөлек, «Болашақ» бағдарламасынан түлеп ұшқан басқа да білікті арулар сөз сөйледі. Олардың қатарында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онколог-маммологы Назгүл Омарбаева, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті Әсем Мамытова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ақмолалық филиалының директоры Белла Газдиева, Назарбаев Университетінің инновацияларды дамыту департаментінің аға менеджері Дәмелі Мектепбаева, BI Group Жобалау басқармасы департаментінің су тарту және сумен қамту жетекші инженері Ирина Мун бар.

Сондай-ақ, жиынға ғаламтор желісі арқылы «Болашақ» стипендиясымен шетелде білім алып жатқан жастар мен еліміздегі жоғарғы оқу орындарының студенттері, оқытушылары қатысып өз сауалдарына жауап алды.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар