• Басты
  • 30 жыл: «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында қандай іс шаралар өтеді

30 жыл: «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында қандай іс шаралар өтеді

16 Шілде, 2021 12:08

Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында жүзеге асырылған жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.


«Қайырымды істер марафоны»

Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергеновтің сөзінше, осы жылы жоспарды 953 іс-шара жоспарланған. Оның ішінде 2 іс-шара республикалық, 436 іс-шара қалалық, 549 іс-шара аудандық деңгейде өткізіледі. Ал екінші жартыжылдықта республикалық және қалалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 800-ден астам іс-шара жоспарланған.

Оның айтуынша, маусым айында Алматыда мемлекеттік рәміздер күніне, медицина қызметкерлері күніне және полиция күніне арналған 70-тен астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткен. Сондай-ақ, тұрғын үй терезелеріне жалаулар ілініп, әнұран бір мезгілде орындалған. Адам көп жиналатын аумақта мемлекеттік ту таратылып, жалаулары бар автокөліктер мен мотожарыстар өткен.

Атқарылған іс-шаралар

«Шілде айында мегаполисте ҚР астанасы күніне арналған шара онлайн және оффлайн форматта ашық аспан астында өтті. 25 өнеркәсіптік және әлеуметтік-мәдени нысандар пайдалануға берілді»,- деді Ренат Бекбергенов.

Қоғамдық даму басқармасының өкілінің мәлімдеуінше, Қазақстан-Швейцария туризм және қонақ үй бизнесі институты, «Ads Industries» фармзауыты, «Терренкур» жаяу жүргіншілер аймағы сондай-ақ жаңа балабақша мен мектептер ашылған.

Жоспарланған іс-шаралар

Сонымен қатар, тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында педагог қызметкерлердің тамыз конференциясы және Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланғанын айтып өтті.

«Алматыда «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында бірыңғай қалалық сынып сағаты мен ашық сабақтар өтеді. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш пен 13 жаңа білім беру нысанын ашу жоспарда», – деді ол.

Оның айтуынша, жыл соңында Алматы тұрғындарын көптеген қызықты оқиғалар күтіп тұр. Соның ішінде, қараша айында индустриялық-инновациялық және әлеуметтік нысандарды іске қосу, «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» республикалық форумы және «Creative jastar» инновациялық жобалар байқауы өтеді.

22 мыңға жуық алматылық тұрғынға қолдау көрсетілген

Сондай-ақ, желтоқсан айында желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған атаулы күнге ерекше назар аударылған. Атаулы күн қарсаңында қайырымдылық шарасын өткізіледі. Онда мұқтаж жандарға қажетті қолдау көрсетіледі. Тұңғыш Президент күніне арналған «Тәуелсіздік шежіресі» тақырыптық көрме, ғылыми-практикалық конференциялар жоспарланған.

«Қайырымды істер марафоны» –ең алдымен қайырымдылық миссиясы. Осы жобаның көмегімен мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратылып, материалдық қолдау көрсетіледі. Тұрғын үйді жөндеуге мүмкіндік береді. 22 мыңға жуық алматылық қолдау алды»,- деді Ренат Бекбергенов.

Жиынға қатысқан Алматы қаласы «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдігі төрағасының орынбасары Долкунтай Абдухалилдің айтуынша, «Қайырымды істер марафонына» мегаполис кәсіпкерлері де белсенділік танытып жатырғанын айтып өтті.

Соның ішінде, «Metal Prom Group» компания тобы өткен жылы қайырымдылыққа 105 млн теңге жұмсаған. Долкунтай Абдухалилдің дерегінше, соңғы үш жылда мұқтаж жандарға 450 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген.

Оның айтуынша, бұл компания үшін көмек тек жоғары гуманистік әрекет емес екенін жеткізді. Себебі кәсіпорынның міндеті – адалдық, еңбексүйгіштік, мемлекетке және адамдарға пайда әкелу.

«Барлық кәсіпкерлер үшін қайырымдылық шарасы - кәсіптің әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі. Кәсіпорын қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге көмектесуге дайын», – деді Долкунтай Абдухалил.

 

Барлық жаңалықтар