Петропавлда МЖӘ негізінде жаңа 320 орындық балабақша ашылды

23 Желтоқсан, 2015 13:07
Петропавлда МЖӘ негізінде СҚО әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен жаңа 320 орындық балабақшаның ашылу рәсімі өтті.

«СЕВКАЗЭНЕРГО»АҚ тұрғызған «Алақай» балабақшасын ашылу рәсімінде Ерік Сұлтанов 320 орынға шақталған мекеменің ел игілігіне берілуі қала тұрғындары үшін айтулы және қуанышты оқиға екенін атап өтті.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген заманауи балабақша есігін айқара ашып отыр. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамту Елбасы ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясының басым бағыты болып табылады. Облысымызда мемлекеттік қолдау шараларымен қатар мемлекеттік-жекешелік серіктестік қанат жайып келеді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында өңірде балабақшалар мен шағын орталықтар, спорт нысандары мен отбасылық демалыс орталықтары көптеп ашылуда», - деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Айта өтейік, қазіргі таңда облыс орталығында 60 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 16-сы жекеменшік инвестиция есебінен салынған. Биыл 1148 балғын балабақшадағы орындармен қамтамасыз етілді. 2017 жылға қарай орын тапшылығы мәселесін толығымен шешу көзделіп отыр.

Барлық жаңалықтар