• Басты
  • ҚР Президентіне Тәуелсіздік күні мерекесіне орай хаттар мен құттықтаулар келіп түсуде
22 Желтоқсан, 2015 20:56

ҚР Президентіне Тәуелсіздік күні мерекесіне орай хаттар мен құттықтаулар келіп түсуде

Елбасының атына шетел мемлекеттерінің және халықаралық ұйымдардың басшыларынан, сондай-ақ азаматтардан, еңбек ұжымдарынан, зиялы қауым өкілдерінен, еліміздің түрлі өңіріндегі оқушылардан көптеген хаттар келіп түсті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
ҚР Президентіне Тәуелсіздік күні мерекесіне орай хаттар мен құттықтаулар келіп түсуде

Авторлар өз хаттарында мемлекеттегі ауқымды өзгерістерге, оның халықаралық аренадағы беделінің өсуіне және қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына негіз болған, 1991 жылы қолымыз жеткен Тәуелсіздіктің маңыздылығын айтқан.

Бұдан бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Ресей Федерациясының Президенті В.Путиннен, АҚШ Президенті Б.Обамадан,  Француз Республикасының Президенті Ф.Олландтан, Германия Федеративтік Республикасының Президенті Й.Гауктан, Италия Республикасының Президенті С.Маттарелладан, Австрия Республикасының Президенті Х.Фишерден, Чех Республикасының Президенті М.Земаннан, Венгрия Президенті Я.Адерден, Үндістан Республикасының Президенті П.Мукерджиден, Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хеден, Сингапур Республикасының Президенті Тони Тан Кенг Ямадан, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенкодан, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаевтан, Өзбекстан Президенті И.Кәрімовтен, Украина Президенті П.Порошенкодан, Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиевтен, Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедовтен, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмоннан, Грек Республикасының Президенті П.Павлопулостан, Словак Республикасының Президенті А.Кискиден, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Д.Зумадан, Ирак Республикасының Президенті Ф.Масумнан, Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының Президенті М.Тешомеден, сондай-ақ Куба Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің және Министрлер кеңесінің төрағасы Р.Кастродан, Ливан Республикасының премьер-министрі Т.Салямнан құттықтаулар келген болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен барша Қазақстан халқын Рим Папасы Франциск, Ұлыбритания Патшайымы II Елизавета, Жапония императоры Акихито, Сауд Арабиясы королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд, Нидерланд королі Виллем-Александр, Швеция королі Карл XVI Густав және Бельгия королі Филипп ұлттық мерекемен құттықтады.

Португалия Республикасының Президенті А.Силва Нұрсұлтан Назарбаевты ұлттық мерекемен құттықтап, Қазақстан халқының ілгерілеуі мен өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіреді.

Сауд Арабиясы Корольдігінің мұрагер ханзадасы, Министрлер кеңесі  төрағасының орынбасары, ішкі істер министрі Мұхаммад бен Наиф бен Әбдел Әзиз Әл Сауд және мұрагер ханзаданың орынбасары, Министрлер кеңесі төрағасының екінші орынбасары, қорғаныс министрі Мұхаммад бен Салман бен Абдул Әзиз Әл Сауд еліміздің Тәуелсіздік күніне орай шынайы құттықтауларын жолдап, Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық пен бақыт тіледі, ал Қазақстан халқына елдің одан әрі де дами беруіне тілектестік білдірді.

Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд бен Амин Мадани ИЫҰ Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын айта отырып, біздің елдің Ұйымға көрсеткен қолдауы мен ислам қоғамының мүддесін ілгерілетудегі белсенді қызметін айрықша атап өтті.

ТМД Атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшы С.Лебедев өз хатында Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесіне айналған, халықаралық қатынастар жүйесінде лайықты орны бар және елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кешенді мемлекеттік өзгерістер жасау бағытында сенімді қадам басып бара жатқан ел екенін атап өткен.

«Қазақстанның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық ететін жылы  біздің ортақ күш-жігеріміз ТМД кеңістігіндегі интеграциялық өзара іс-қимылдың одан әрі нығаюына және нәтижелілігінің артуына септігін тигізетініне сенімдімін», – делінген хатта.

ТМД Парламентаралық ассамблея кеңесінің Бас хатшысы А.Сергеев және ТМД ПА кеңесі Бас хатшысының орынбасары – ҚР Парламентінің ТМД Парламенттік ассамблеясы мен ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясындағы өкілі Х.Бакенов Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамудағы табыстарына, оның өңірлік және жалпы әлемдік күн тәртібіндегі мәселелерді шешудегі рөлінің артып келе жатқанына назар аударған.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы Н.Бордюжа қуатты әрі қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан өңірлік саясатта көрнекті орын алатынын және халықаралық аренада лайықты биік беделге ие екенін атап өткен.

«Сіздің басшылығыңызбен жүргізіліп отырған заманауи демократиялық мемлекет құруға бағытталған саясат көпэтносты Қазақстан халқының сенімі мен қолдауына негізделеді. Республиканың құрылғаннан қазірге дейінгі табыстары мен жетістіктері Сіздің қажырлы қызметіңізбен тікелей байланысты», – деп жазады автор.

Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесіне орай құттықтауларын Мемлекетаралық авиация комитетінің төрағасы Т.Анодина, «Мир» МТРК төрағасы Р.Батыршин, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі, Еуропалық геронтология және гериатрия қауымдастығының вице-президенті В.Хавинсон, Түрік Республикасының Үкіметі жанындағы Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің өкілі М.Бодур, Ресей Федерациясының субьектілері – Ингушетия Республикасының басшысы Ю.Евкуров, Астрахань облысының басшысы А.Жилкин, Омбы облысының басшысы В.Назаров, Пенза облысының басшысы И.Белозерцев, сондай-ақ Қырғызстанның Төтенше және өкілетті елшісі Э.Өміралиев, Тәжікстанның елшісі Н.Ализода және Болгария елшісі В.Петков жолдаған.

Өз кезегінде, «Қазмырыш» компаниялар тобы ұжымы Қазақстан түрлі экономикалық қатерлерге қарамастан, жүйелі дамуын жалғастырып келе жатқанын айтқан.

«Жалпыға ортақ Еңбек қоғамында Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы әлеуметтік қорғау ісінен әлеуметтік прогреске өту үшін жағдай туғызады. Сол себепті де «қазмырыштықтар» Президенттің өз отандастарына қамқорлығын көрсететін осы бірегей бағдарламаны жүректеріне жақын қабылдады. Бұл – тарихтың күрделі кезеңінде, әлемдік экономикалық дағдарыс табалдырығында тұрып, қазақстандықтармен ашық және жауапты әңгіме барысында айтылған дана  әрі көреген шешім», – делінген хатта.

Еуразиялық топ ұжымы Қазақстанда тәуелсіздік жылдары барлық салада ауқымды реформалар жүргізіліп, экономиканың орнықты өсімі сақталып отырғанын атап өткен.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшылары тәуелсіздік Қазақстанның өміріндегі бетбұрысты сәт болғанына және рухани даму, экономикалық ілгерілеу, әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру үшін кең мүмкіндіктерге жол ашқанына назар аударған.  

Игі тілекті құттықтаулар «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Т.Этчисоннан және бас директордың орынбасары А.Жәкиевтен, «Шеврон» корпорациясының еуразиялық бөлімшесінің атқарушы директоры  Т.Миллерден келіп түсті.

Тәуелсіздік күніне байланысты өз құттықтауларын білім саласының өкілдері де жолдады.  Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің Қазақ гуманитарлық заң университетінің, Қазақ өнер университетінің ұжымдары мен студенттері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрынов, М.Айтқожин атындағы молекулярлық биология институтының директоры Н.Айтқожина, ҚР ҰҒА академигі Б.Жұмағұлов 1991 жылы егемендік алу бабаларымыздың аңсарын ақиқатқа айналдырғанын атап өткен.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері бүгінде біздің республикамыз әлемдік қоғамдастыққа қарқынды дамудың үлгісін көрсетіп отырғанына тоқталған.

«Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын орындадық. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кірді. Сонымен қатар «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға бағыталған «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» қабылданды», – деп жазады авторлар.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы еліміз бүгінде бейбітшіліктің бесігі болып, достық пен келісім идеясын ілгерілетіп отырғанын айрықша атап өткен.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр да құттықтауын жолдады. Оның пікірінше, еліміздің тарихи жолы болашақ ұрпақтың тағдырының экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда ғана емес, ең бастысы рухани салада да стратегияны дұрыс таңдай білуге байланысты екенін айғақтап отыр.

«Біздің халық Сіздің басшылығыңызбен түрлі этностар мен әртүрлі діни нанымдағы адамдар өзін сенімді әрі жайлы сезінетін, өркендеп келе жатқан еркін қоғам құрып жатыр», – делінген хатта.

Құттықтау хаттар мен жеделхаттар зиялы қауымнан, мәдениет пен руханият өкілдерінен – жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері С.Досановтан, жазушы, кинодраматург С.Елубаевтан, композитор Е.Хасанғалиевтен, Орал және Ақтөбе архиепископы Антонийден және басқалардан келді.

Еңбек ардагері, премьер-министрдің бұрынғы бірінші орынбасары Н.Есенғарин өз хатында Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жаңа тарихи кезең басталғанына, бұл кезеңде Қазақстан халқы егемен мемлекет болу мүмкіндігіне ие болып, заманауи экономика және мәдениет қалыптастырғанына, әлемдік қоғамдастықтың толық құқылы және құрметті мүшесіне айналғанына назар аударған.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері О.Әбдікәрімов, А.Ибраев және Ә.Жолшыбеков, ҚР Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Ә.Құсайынов та мерекелік құттықтауларын жолдады.

Жылы лебізді тілектерге толы хаттар мен жеделхаттар еліміздің барлық өңіріндегі азаматтардан келіп түсті. Солардың арасында Астанадан Рогалевтар отбасы, Алматы қаласынан Е.Тегісбаев, Л.Дәуталиева, Қостанай қаласынан Ысмағұлов, Шымкент қаласындағы «Сайрам» тұрғын үй алабының бір топ тұрғыны, Қарағанды облысы Теміртау қаласынан А.Абленов және жас жеткіншектер – 1 сынып оқушылары ақтаулық М.Минсин мен тараздық Д.Бағжан, Павлодар облысынан 11 сынып оқушысы Т.Солтанғазы бар.

Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысынан Т.Дауылбаевтың, Орал қаласынан З.Қабеновтің, Алматы облысы Талдықорған қаласынан Г.Бейсенбаеваның, Тараз қаласынан А.Дүйсенбекованың, Қарағанды облысы Теміртау қаласынан А.Кәрібаеваның, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласынан З.Сүлейменқызының, Қызылордадан С.Шымырқұловтың, 4 сынып оқушысы А.Беріктің жылы лебіздері өлеңмен өрнектелгенін атап өткен жөн.

Барлық құттықтауларды зейін қоя оқып шыққан Мемлекет басшысы авторлардың баршасына ізгі тілектері үшін алғыс айтты.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды