ОҚО-да көркем гимнастика бойынша спорт кешені ашылды (ФОТО)

22 Желтоқсан, 2015 09:11
Облыс әкімі Б.Атамқұлов ел Тәуелсіздігінің 24 жылдығына арналған көркем гимнастика бойынша спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлады ОҚО әкімдігі.

Аймақ басшысы көркем гимнастика шеберлерін дайындайтын заманауи спорт нысанында жаттығатын спортшылар мен облыс тұрғындарын құттықтап, алдағы уақытта облыстың әр ауданынан осындай спорт кешендерінің салынатынын жеткізді. 

«Облысымызда спортпен тұрақты шұғылданушылар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Олардың саны қазіргі таңда 608 мыңнан асып жығылды. Осы жылдың өзінде Арыс, Шымкент, Түркістан қалалары мен Түлкібас, Сайрам аудандарында заман талабына сай спорт нысандары пайдалануға берілді. Осындай спорт кешендері облыстың әр ауданында салынатын болады. Бұл болашақ ұрпақтың денсаулығына, оның дұрыс жетілуіне жасалынып жатқан жақсы инвестиция деп ойлаймын. Біздің спорттың дамуына жасап жатқан жағдайымыз қазіргі таңда өз нәтижесін беруде. Оған алдағы жылы өтетін Рио-де-Жанейро Олимпиадасына спортшыларымыздың 12 жолдаманы жеңіп алғандығы айқын дәлел», - деді облыс әкімі. 

Айта өтейік, әкімшілік-іскерлік орталығының маңынан бой көтерген нысан 8 блоктан тұрады. Мұнда спорттық арена, екі көрініс алаңы және 700-ден астам көрерменге арналған трибуна бар. Сонымен қатар 6 жаттығу залы, хореография залы мен венткамера, буфет, медпункт және егу бөлмесі, спортшылардың киім ауыстыру және жуыну бөлмесі қарастырылған. Сондай-ақ 4 бір орындық қонақжай бөлмесі, екі орындық 6 нөмір, бассейн, 38 адамға арналған екі орындық жатын бөлмесі мен галерея бар. 

2015 жылы облыс спортшылары көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 8 алтын, 25 күміс, 16 қола медальдерге қол жеткізген.

Барлық жаңалықтар