Сенат комитетінде атом энергиясын пайдалану туралы заң жобалары қаралды

21 Желтоқсан, 2015 17:39
ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында атом энергиясын пайдалану бойынша заң жобалары қаралды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

«Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасы атом энергиясын пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын халықаралық нормалармен үйлестіру мақсатында оны жетілдіруге бағытталған.

Заң жобасының мақсаты халық қауіпсіздігінің және халық денсаулығын тиімді қорғаудың тиісті деңгейін, атом энергиясын пайдалану кезінде ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету және атом энергиясын пайдалану кезінде туындайтын қатынастарды жетілдіру болып табылады.

«Құжатпен қауіпсіздік талаптарының аражігін ажырату мақсатында қондырғылар мен иондандырушы сәулелену көздерінің радиациялық қауіптілік санаттарын белгілеу, ядролық қондырғыларды және көму пункттерін салу туралы шешім қабылдау тәртібі, атом энергиясын пайдалану саласында қызметін жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін талаптар көзделеді», - делінген хабарламада.

 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қолданыстағы заңнаманы «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында оның ережелерін іске асыруға бағытталған.

Құжатпен Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне радиоактивті материалдарды, атом энергиясын пайдалануға және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын экологиялық талаптарды нақтылау бөлігінде өзгеріс енгізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, заң жобасымен ұғымдық аппаратты нақтылау бөлігінде «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы», экономика, білім беру, ғылым мен техника саласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жататын мәліметтердің тізбесін түзету бөлігінде «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияларды берудің ерекше шарттары туралы мәселе бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

Барлық жаңалықтар