ИИДМБ: ОҚО-да жылыжай кешенінің құрылысы бойынша жоба жүзеге асырылуда

21 Желтоқсан, 2015 19:46
Оңтүстік Қазақстан облысында өндірістік жылыжайларды дамыту мақсатында, «Шымкент» ӘӘК» ҰК» АҚ-ы Шымкент қаласында жылыжай кешендерін бір аймақта орнату бойынша «Жылыжай жұмағы» индустриялдық аймақ» инвестициялық жобасын қолға алды, деп хабарлады әкімдік.

Жоба аясында Шымкенттегі көлік-логистикалық аймақтың жанынан 136 га жер телімін беру және сол жер телімде инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Аймақта арзан тарифті энерго көздері қарастырылып, бұл өз кезегінде кәсібін жүргізетін шаруалардың капиталдық және операциялық шығындарының төмендеуіне сеп болады.

Сонымен қатар, агро-индустриялдық аймақта жоғары технологиямен жылыжай құрылысын жүргізетін кәсіпкерге барлық жағдай жасалады. Мұнда жылыжай шаруашылығына қосалқы болатын cорттау, буып-түю, cақтау, қайта өңдеу нысандары мен әкімшілік-тұрмыстық кешен, өнімнің қауіпсіздік және cапа талаптарына сәйкестендіретін зертханалар орналасатын болады. Өнеркәсіптік жылыжайлардың бір аймақта шоғырлануы тауар партиясының үлкеюіне, яғни, ұйымдасқан нарыққа тиімді шартта жеткізуге жағдай туғызады. Және фьючерлік келісім-шарттар жасасуға , күніне 240-320 тонналық немесе құндық есеппен жылына 14 млрд. теңгелік үлкен көлемде тауармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінде құны 26 млрд. теңгені құрайтын ішкі инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру мақсатында шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде, «China SinoLight Corporation» қытайлық компаниясы жобаны қаржыландыруға қызығушылық танытып отыр. Жұмстарды жүзеге асыру мақсатында ОҚО-ға аталған компанияның бастамасымен ҚХР үкімет өкілдері мен Қытай даму банкі мамандарының сапары жоспарлануда.

Агроаймақтың инфрақұрылым жұмыстары аяқталған соң, жергілікті инвестор ондағы 40 га жерге 25 млрд. теңге көлемінде қаржы құюға дайын. Жоғарыда жасалған стратегияны қолдану арқылы аталған жоба жылыжай саласын дамытып қана қоймай, өнімнің тұрақты бейнесін құрып, жылыжай саласындағы нарықтың белгілі орнын алатын болады.

Барлық жаңалықтар