«Тіл жанашыры» құрмет белгісімен 27 қазақстандық марапатталды

8 Қараша, 2013 10:00
Астанада ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің салтанатты марапаттау рәсімі өтті. «Тіл жанашыры» қоғамдық қоры сыйлығы қазақ тілінің дамуына күш салып жүрген адамдарға қолдау көрсетуді мақсат етеді, деп хабарлайды Назарбаев орталығының баспасөз қызметі.

«2013 жылы  әкімдіктер, қоғамдық бірлестіктер мен еліміздің әр өңірінің қоғамдық ұйымдары 100 үміткерді ұсынды. ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының күмбезді залында мемлекеттік тілдің 27 жанашырына аталмыш құрмет белгісі марапатталды. Түрлі ұлт өкілдерінен тұратын сыйлық иегерлері  түрлі салада қызмет етеді. Атап айтар болсақ, олардың қатарында жазушылар, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме мен қоғамдық бірлестік өкілдері, ғалымдар, ұстаздар бар», - делінген хабарламада.

Аталмыш шараны ұйымдастыруға «Назарбаев орталығы» ММ, ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы, «Тіл» республикалық ақпараттық-сараптама журналы мен «Алтын қыран» халықаралық қоғамдық қоры қолдау көрсетті.

«Алғаш рет «Тіл жанашыры» құрмет белгісі қазақ тілін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарға табысталған еді. Олардың ішінде түрік профессоры Әбдіуақап Қара, Еуропа қыпшақтары Кеңесінің президенті Вад Ласло, Оңтүстік Корей университеті профессоры Ханкук Йун Си Нэ, Мюнхен университеті профессоры Кайум Кесижи, Үнді университеті профессоры Уильям Фиерман  бар», - деп нақтылайды баспасөз хабарламасы.

Кейінгі жылдары құрмет белгісіне мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сонымен қатар қазақ тілінің дамуына өзіндік үлесін қосып, нақты жұмыстар атқарған азаматтар мен қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараларға демеушілік еткен меценаттар да ұсыныла бастады.

 

Барлық жаңалықтар