Каирде Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған конференция өтті (ФОТО)

19 Желтоқсан, 2015 13:48
Каир қаласында Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігі Мысыр ұлттық аударма орталығында Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып, «Көшпенділер» кітабының араб тіліндегі аудармасының тұсаукесерін өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ.

Іс-шараға сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық, мәдениет, көне ескерткіштер жөніндегі, уақыфтар, туризм министрліктерінің, Араб мемлекеттері лигасының, «Әл-Азһар» Ислам орталығының, ЮНЕСКО, Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ислам ұйымының (ИСЕСКО), ТМД елдері және Түркия елшіліктерінің, ірі жоғары оқу орындарының, қоғамдық ұйымдардың, МАР және т.б. іскерлік және ғылыми топтардың,жергілікті және аймақтық басты БАҚ өкілдері, сондай-ақ Мысыр жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық студенттер қатысты. Сонымен қатар, құрметті қонақ әрі негізгі баяндамашы ретінде Қазақстаннан ҚР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі профессор Берекет Кәрібаев шақырылды.

Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Берік Арын ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақ мемлекетінің тарихи қалыптасуының негізгі кезеңдері мен Ілияс Есенберлиннің әдеби мұралары туралы әңгімелеп берді. Сонымен бірге, қонақтар біздің еліміздің тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қол жеткізген жетістіктері жайынан мағлұматтар алды.  

МАР Мәдениет министрі Хелми Ән-Намнам мен Мысыр Мәдениет министрлігінің Ұлттық аударма орталығының директоры, профессор Әнуар Мугис конференция қатысушыларына қошемет сөздерін айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың байсалды саясаты арқасында көпұлтты және көпдінді елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы Қазақстанның жетістіктеріне ерекше тоқталды.

Негізгі баяндамаларды профессор Б. Кәрібаев, жазушы әрі Азияны зерттеуші ғалым Ахмед Тарабик, ЮНЕСКО сарапшысы, мысырлық қоғам және саяси қайраткер доктор А. Дарвиш, Мысыр-Ресей мәдениет және ғылым қорының Президенті доктор Х. Шафии, Араб мемлекеттері лигасының Өркениеттер арасындағы диалог департаментінің директоры С. Бейбарс жасап, түркі халықтарының әлем тарихы мен мәдениетіне қосқан үлесі және бүгінгі Қазақстанның дамуы мен халықаралық бастамалары туралы әңгімеледі. Солардың қатарында «Көшпенділер» трилогиясының негізгі аудармашысы, Асуан университетінің профессоры М. Рияд қонақтарды шығарманың сюжетімен әрі І. Есенберлин өмірбаянымен таныстырды.

Шараға қатысушылар Қазақстан жайындағы ақпаратқа үлкен қызығушылық танытты және тақырыптарын барынша ашып көрсете білген баяндамалардың мазмұндылығы мен танымдылығын ерекше атап өтті. Әсіресе қатысушылар араб тіліне алғаш рет аударылып отырған «Көшпенділер» кітабына ерекше қызығушылықтарын танытты. Тыңдаушылардың пікірінше, олар Қазақстанның тарихы мен қазақ халқының мәдениеті және салт-дәстүрі туралы кең және жан-жақты мағлұмат алды.

Конференция барысында қатысушыларға Қазақстан туралы араб тіліндегі ақпараттық-танымдық материалдар, құрметті қонақтарға араб тіліне аударылған «Көшпенділер» кітабының 1 томы сыйға тартылды.

Барлық жаңалықтар