Н.Назарбаев: Еңбек адамы жоғары бағалануы керек

15 Желтоқсан, 2015 11:43
Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бір топ азаматын жоғары наградамен марапаттады.

«Алдымен баршаңызды ертеңгі болатын Тәуелсіздіктің 24  жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл қазақ елінің атының жаһанға жайылып, игілігіміздің бастауы болған мәртебелі мереке. Баршамыз үшін қуанышты күн. Сіздер осындай айтулы күннің қарсаңында жоғары марапат мәртебесіне ие болайын деп отырсыздар», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы  Ақордаға  жиналған барлық қауым  үшін ерекше мерейлі сәт екендігін айтып, қуаныштарымен құттықтады.

 Елбасы атағандай, Қазақстан бойынша жүздеген, мыңдаған адам жоғары мемлекеттік наградамен марапатталды. «Соның ішінде сіздердің еңбектеріңіз өте үлкен, зор. Сіздерге марапат тапсыру арқылы мен бүкіл қазақстандықтарға тапсырдым деп санаймын», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, ҚР Президентінің жарлығымен мемлекеттік награданы 500 адам алды. Оның ішінде «Қазақстанның Еңбек Ері» наградасы да табысталды, «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет» ордендерімен  40 –тан астам адам марапатталды. ІІІ «Еңбек Даңқы» орденіне 52 жұмысшы ие болды. «Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi» 50 ғылым, мәдениеті және әлеуметтік сала өкілдеріне табысталды. ҚР құрмет грамотасымен 326 адам марапатталды.

Сондай-ақ, I және  II  дәрежелі «Даңқ», I, II және III дәрежелі «Абын» ордендері мен «Ерлігі үшін» медалі әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының тобына тапсырылды.

Барлық жаңалықтар