«KEGOC» компаниясы «Халықтық IРО» бағдарламасына биыл қатыса алмайды

7 Қараша, 2013 16:15
«KEGOC» компаниясы «Халықтық IРО» бағдарламасына 2013 жылы қатысуға үлгермейдi. Бұл жөнiнде бүгiн ҚР Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz.

«KEGOC» компаниясын «Халықтық IРО» бағдарламасына алып шығу үшiн қажеттi негiзгi құжаттарды дайындау бойынша бiрнеше кеңесшi-компаниялар жалданды, компания берiлген тапсырма бойынша заңнамаға сәйкес барлық корпоративтiк процестердi жүргiздi. Бүгiнгi күнi компания аталған бағдарламаға қашан және қандай бағамен қатысатынын мен қазiр нақты айта алмаймын», - деді Б.Қажиев.

Себебi, оның айтуынша, компанияның «Халықтық IРО»-ға қашан қатысатынын Үкiмет шешедi.

«Ал егер компанияны бағдарламаға қатыстыру туралы шешiм шықса, онда бiз жарты жыл мерзiмiнде дайын боламыз. Өйткенi, құжаттар жинағын реттеу және Мемлекет басшысының Жарлығы мен қаулысын қабылдау керек болады. Яғни, қазiр қараша айының ортасы болып қалғандықтан, бiз «Халықтық IРО» бағдарламасына осы жылы қатысуға үлгермеймiз», - деді Б.Қажиев.

 

Барлық жаңалықтар