• Басты
  • «Нұр Отан» партиясының «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы өз мәресіне жетті (ФОТО)

«Нұр Отан» партиясының «Үздік бастауыш партия ұйымы» байқауы өз мәресіне жетті (ФОТО)

12 Желтоқсан, 2015 15:03
«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың қатысуымен «Үздік бастауыш партия ұйымы» және «Нұр Отан» партиясының ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқауларының қорытынды рәсімі болып өтті, деп хабарлады «Нұр Отанның» баспасөз қызметі.

Байқау шартына сәйкес әрбір аймақтық филиалдан 3 санат бойынша барлығы 45 БПҰ ақырғы кезеңге қатысу үшін Астана қаласына шақырылып, нәтижесінде 12 жүлдегер марапатталды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, Реформалар, Даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет пен қоғам алдына дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатын қойып отыр. Осынау айрықша межеге абыроймен жетуіміз ең алдымен партиялықтардың ерекше үлгі көрсетіп, халықтың санасына оң әсер ете алуымен тікелей байланысты. Партия Лидері өз сөзінде: «Барлық нұротандықтардың басты міндеті – халқымыздың бірлігін бекемдеу, өзінің саяси көшбасшылығын күнделікті істе дәлелдеу, экономиканы, мемлекетті және қоғам өмірінің барлық бағыттарын жаңғырту үдерістерінің басында болу» деп айрықша атаған еді.

Шараның басты мақсаты – үздік БПҰ анықтау және олардың жұмыс тәжірибесін елдің барлық аймақтарында тарату, партиялық және сайланбалы қызметтерге ұсыну мақсатында білікті және белсенді БПҰ төрағаларынан партиялық кадрлардың резервін қалыптастыру және қоғамдық қабылдаулар жұмысын жетілдіру мен партия қызметіне қоғамдастықтың назарын аудару.

«Партия өз құрылымдарына, әсіресе өңірлердегі бөлімдеріне әдістемелік жағынан барынша жағдай жасап жатыр. Құндылықтық бағыт-бағдар ретінде саяси Доктрина назарға алынып, партияның жалпы қызметі кешенді түрде қайта қарастырылды. Жер-жердегі филиалдар қызметкерлерінің саны мен жалақысы артып, материалдық-техникалық жабдықталуы жаңа деңгейге көтерілді. Демек, бізге өзімізге деген талапты бұрынғыдан да арттыра түсу керек. Өзіміз мүше болып отырған бастауыш ұйымдар бәсекесі арқылы жаңа серпілістерге ынталандыруымыз қажет», – деп атап өтті партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов.

Орталық байқау комиссиясының құрамына партия Орталық аппаратының басшылары мен қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіндегі Фракция мүшелері және т.б. құзырлы тұлғалар кірді.

Байқауға қатысушылар ұсынған байқау материалдары жан-жақты қаралды: Бірінші байқау бойынша бағалау 3 кезеңнен құралып, партиялық жобаларды іске асыруға қатысу, ішкіпартиялық жұмыс, партиялық жұмыста жаңа әдістерді пайдалану, азаматтық бастамаларды іске асыру, БПҰ қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, жастармен жұмыс, БПҰ жетекшісін бағалау сынды 7 критерий бойынша жүргізілді. Тиісінше, екінші байқау жеңімпаздарын анықтауда ең басты бағалау көрсеткіші болып қоғамдық қабылдау бөлмелерінің азаматтардың мәселелерін шешу нәтижесі мен тиімділігі алынды.

«Партия Орталық аппараты тарапынан қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында 2010 жылы алғаш рет партияның ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесін анықтау үшін республикалық байқау өткізу туралы бастама көтерілген болатын. Содан бері төрт жыл қатарынан өткізілген байқау өзінің оң нәтижесін берді. Атап айтқанда, 2015 жылдың 11 айында партия қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 81 860 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері келіп түсті. Ол өтініштердің 21% оң шешімін тапса, 76% өтініш бойынша заң түсіндірмелері берілді. Ал 11 айдың көлемінде 20 350 жеке қабылдаулар жүргізілді», - деді Асқар Мырзахметов.

Кездесу барысында Елбасының биылғы Жолдауы кеңінен талқыланып, ағымдағы партия міндеттемелерін орындау бойынша ортақ іс-қимылдар келісілді. Бұл қатарда партияның қоғамдық қабылдауына өтінім берген азаматтарға құқықтық көмек көрсету үшін жаңа форматта әралуан іс-шаралар өткізу мәселесіне де баса назар аударылды.

Салтанатты шара соңында байқау жеңімпаздарының жүрекжарды сөздері тыңдалды. Сонымен қатар, 2016 жылғы «Нұр Отан» партиясының ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқауы жарияланды.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясында 2015 жыл бастауыш партия ұйымдарының жылы аясында өтуде.




Барлық жаңалықтар